Елордада «Romantik» гүлдер орталығын ашу үшін ұтыс ойынын ұйымдастырушыларға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
«Осы жылдың 7 ақпанында сағат 13:18-де бейнебақылау инспекторлары «Romantik» дүкенінің жанында көлік пен адамдардың көптеп жиналғанын байқады. Тексеру барысында ЖШС құрылтайшылары Мәңгілік ел даңғылында «Romantik» гүлдер орталығын ашу үшін жүлделер, соның ішінде «Фольксваген поло» маркалы автомобильдің ұтыс ойынын ұйымдастырып, ниет білдірушілерді қатысуға шақырғаны анықталды» деп атап өтті департаменттен.
Ведомствоның мәліметінше, аталған жерге келген полиция қызметкерлерінің талабымен іс-шара тоқтатылып, жағдай тұрақтандырылған. Іс-шараны ұйымдастырған тұлғалар одан әрі тексеру үшін Есіл ауданының полиция бөліміне жеткізілді.
«Іс-шараны ұйымдастырушылар ҚР ӘҚБтК 434-1 б.1 б. (жеке тұлғалардың спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларда жүріс-тұрыс қағидаларын бұзуы) бойынша 20 АЕК айыппұл көлемінде әкімшілік жауапкершілікке, сонымен қатар ЖШС ҚР ӘҚБтК 505-бабы 1-бөлігі (абаттандыру ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Карантин режимін бұзу бойынша жиналған материал ҚР ӘҚБтК 425-бабы 1-бөлігімен жауапкершілікке тарту үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберілді» деді полициядан.
Еске сала кетейік, Есіл аудандық әкімдігі мен полиция мамандарынан құралған мониторинг тобы 2 мыңнан астам адамның қатысуымен өткен іс-шарада Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігерінің қаулысын бұзу фактісін анықтады. Дүкен ашылу құрметіне ұтыс ойынын өткізген.