Биыл елімізде оқу жылы басталғалы 241 мұғалім коронавирус жұқтырған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Оқу жылы басталғалы республика бойынша мектепте қызмет ететіндер арасында коронавирус жұқтырудың 241 жағдайы тіркелді. Бұл - еліміздің 17 өңіріндегі мұғалімдер. Әр жағдай қандай мамандық бойынша жұмыс істейтініне қарамастан тексеріледі. Науқаспен байланыста болғандар анықталып, тиісті шаралар қолданылады», - дейді Есмағамбетова.
Бұған дейін жазғанымыздай, қазіргі уақытта 456 оқушы коронавирустан емделіп жатыр. 1 қыркүйек пен 16 қараша аралығында кезекші сынып оқушылары арасында коронавирусқа шалдығудың 302 жағдайы тіркелді. Сондай-ақ, вирустық пневмонияға қатысты 1 жағдай анықталды.