14 нау, 2022 сағат 13:19

Дуалды оқытуға сұраныс артты


Петропавл машина жасау және көлік колледжі студенті Айша Нұрақын биыл колледжді тәмамдайды. Ол екі жылдан бері дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алып, әрі жұмыс істеп, тәжірибе жинап жүр, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Ол бүгінгі таңда оқып, мемлекеттік грантта білім алып, шәкіртақы алады. Сонымен қатар, тәтті нан пісіру орталығында тәтті бәліштер пісіреді.

«Мен пісірген тәтті бәліштер қаламыздағы барлық тәтті сататын орталықтар мен дүкендерде сатылады. Өзіңіз ойлаңызшы, сіз пісірген тәттілер өзгелерге қуаныш сыйлап жатса, қандай бақыт, иә! Мен де өзімді сондай бақытты сезінемін. Әрі сапалы білім алып, әрі жұмыс істеп ақша табамын. Есесіне мен оқуымды бітіргенде тәжірибелі маман болып шығамын. Қазір білесіз бе, барлық жер маман керек деп жазғанда міндетті түрде тәжірибесімен деп жазады. Ал жаңа оқу бітірген жас түлекте тәжірибе қайдан болсын?! Міне, біз білім алып жатқан дуалды оқыту жүйесі бізге осындай мүмкіндік беріп отыр», - дейді студент Айша Нұрақын.

Осы жылы елімізде дуалды оқыту жүйесінің енгізілгеніне 10 жыл толып отыр. Осы орайда соңғы уақытта дуалды білім жүйесімен оқитын колледж студенттерінің саны екі есе артқанын да айта кеткеніміз жөн. Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы 2,5 жылда дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алатын колледж студенттерінің саны осыншаға артып отыр.  

Дуалды оқыту жүйесі бойынша орта білім беретін колледждер студенттерге зауыттар мен фабрикаларда оқуға мүмкіндік беретін кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатады. Оқытудың бұл форматы практикалық жұмыс тәжірибесі бар білікті және сұранысқа ие мамандарды дайындауға мүмкіндік береді. Белгілі болғанындай, дәл бүгінгі күнде бұл жүйе еліміздің 536 колледжінде жұмыс істейді. ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанованың айтуынша, бұл оқыту жүйесі бойынша 40% теориялық оқыту, 60% өндірістегі оқу тәжірибесі негізінде білім береді.

«Иә, баршаңызға белгілі дуалды оқыту елімізде он жылдан бері жүзеге асырылып келе жатыр. Осы уақыт аралығында бұл тәжірибе оң нәтижесін көрсетіп үлгерді. Бір ғана мысал келтірейін, өткен жылы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді. Бұдан былай студенттің өндірістік тәжірибеден өткен уақыты оның еңбек өтіліне есептеледі. Яғни, бұл 6 айдан 1,5 жылға дейін деген сөз. Бұл тәжірибе түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттырады және олар бұрыннан бар жұмыс тәжірибесімен жұмысқа орналаса алады», - дейді ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Оның айтуынша, сонымен қатар, кейбір кәсіпорындар студенттерге өндірістік тәжірибеден өту кезінде жалақы төлейді. Мәселен, Петропавл машина жасау және көлік колледжі студенттері әрі оқып, әрі жұмыс істеп, жалақы алады. Бұл көрсеткіш колледж студенттерінің 60%-ын құрайды. Белгілі болғанындай, өткен жылы дуалды білім алатын студенттердің орташа жалақысы 58 000 теңге болған.

«Мен машина жасау және көлік колледжінің үшінші курс студентімін. Сонымен қатар оқу орнымның ұсынысымен көлік коммуникация қызметінде қосымша жұмыс істеймін. Мен колледжде теориялық білім алсам, жұмысымда практикалық тәжірибе жинаймын. Есесіне мен оқу бітіріп, диплом алғанда тәжірибелі маман болып шығамын. Бұл, әрине, мен үшін де, оқу орным мен жұмыс орным үшін де пайдалы. Олай дейтінім, мен тәжірибелі маман болып, оқу бітіремін. Ол колледжім мен сияқты маманға білім берсе, жұмыс орным тағы бір жұмыс күшіне ие болып отыр. Сондықтан, дуалды оқыту жүйесінің бұдан әрі де жалғасын тауып, көп жастарға пайдасы болады», - дейді студент Қаршыға Көкеев.

Белгілісі сол, бұл дуалды оқыту жүйесін енгізудің арқасында студенттердің практикалық білім алуына баса назар аударылады. Колледждер студенттерге зауыттар мен фабрикаларда оқуға мүмкіндік беретін кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатады. ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанованың айтуынша, оқытудың бұл форматы практикалық жұмыс тәжірибесі бар білікті және сұранысқа ие мамандарды дайындауға мүмкіндік береді.

«Аталған жүйе бойынша еліміздің 536 колледжінде жұмыс істейді. Осы форматтағы кадрларды даярлау 15 бағыт аясында 166 мамандық және 445 біліктілік бойынша жүзеге асырылады: металлургия, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндіріс және монтаждау, сервис, экономика, көлік және т.б.

Жұмыс берушілердің дуалды оқытуға қатысуын ынталандыру үшін ТжКБ ұйымдарын жан басына шаққандағы қаржыландыруының жаңа әдістемесі әзірленді. Яғни жұмыс берушілердің дуалды оқытуға жұмсайтын шығындары өтеледі, сондай-ақ кәсіпорындарда студенттерді оқытатын тәлімгерлер де еңбегі үшін ақы алады», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгінде қазақстандық колледждерге академиялық еркіндік берілген. ТжКБ ұйымдары жұмыс берушілермен бірлесіп оқу бағдарламаларын әзірлейді, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқыту мерзімін өздері анықтайды. Олар сондай-ақ еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес бағдарламаларды дербес қайта қарайды.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылы елімізде дуалды оқыту жүйесінің енгізілгеніне 10 жыл толып отыр. Осы орайда соңғы уақытта дуалды білім жүйесімен оқитын колледж студенттерінің саны екі есе артқанын да айта кеткеніміз жөн. Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы 2,5 жылда дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алатын колледж студенттерінің саны осыншаға артып отыр.