«Дипломмен ауылға» жобасына қатысушылардың 96 пайызы қойылған міндеттемелерді адал орындайды. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Дипломмен ауылға» жобасын іске асырудың тиімділігін анықтау үшін 2010-2019 жылдары ауылдық елді мекендерде әлеуметтік сала және АӨК мамандарының бекітілуіне талдау жүргізілді. Осылайша, 31 мыңнан астам маман бюджеттік кредит алды. Оның 4 пайызы 3 жылдық мерзімді өтеу жөніндегі келісімнің шарттарын бұзды», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Оның айтуынша, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан жоба бойынша бюджет қаражатын игеру, шарт жасасу, кредит бойынша жосықсыз төлеушілердің тізімін ұсына отырып, кредит берешегін анықтау мониторингі тұрақты жүргізіледі.
Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша қайтарымды қаражатты тиімді арттыру бойынша іс-шаралар қабылданып жатыр.
«Мәселен, 2020 жылы ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну ережесіне бұрын берілген кредит бойынша өтелмеген мерзімі өткен берешегі жоқ мамандарға, сондай-ақ соңғы 2 жылда күнтізбелік 90 күннен астам мерзімі өтпеген жағдайда бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну бөлігінде өзгерістер енгізілді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ақпараты бойынша жобаны іске асыру мониторингінің қорытындысын талдау 2013 жылдан бастап бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау алғандардың жалпы санының 96 пайызы қойылған міндеттемелерді адал орындайтынын көрсетті», - деді Әлихан Смайылов.