«Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғалымжан Құсманғали медиация кабинеттерінің тұрмыстық дау-дамайларды шешуге қандай көмек көрсеткенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта бүкіл облыс орталықтарында 20 медиация кеңесі, бір республикалық және 19 өңірлік кабинет бар. Ассамблея тіркеуінде 2318 медиатор бар, олар 2016 жылдан бастап 134 мың өтінішті қараған, оның 51%-ы медиативтік ымыраға келу жолымен шешілді, қалған 49%-ына медиатор консультация берген», - деді Ғалымжан Құсманғали Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге спикер медиация кабинеттерінің тиімділігін көрсеткен бірнеше мысалды келтірді.
«Бірер жыл бұрын облыс орталықтарының бірінде ұрлық болып, екі жасөспірім коттеджді тонап кеткен еді. Саяжай иелері құқық қорғау органдарына жүгінді және жасөспірімдер ұсталды. Полицейлер мәселені шешу үшін медиация кабинетіне жүгінуді ұсынды. Медиация кабинетінде бұл жасөспірімдердің тұрмысы нашар отбасынан шыққаны белгілі болды. Оның үстіне, бір жасөспірімнің ата-анасы жоқ. Нәтижесінде саяжай иесі өтініш жазудан бас тартып қана қоймай, жетім жігітті қамқорлығына алып, колледждегі оқу ақысын төлеп берді», - деді Құсманғали.
«Қоғамдық келісім» басшысы медиаторлар дауды сотсыз реттеген тағы бір жағдай туралы айтып берді.
«Тағы бір жағдай: нөсер жауын жауып, көпқабатты үйдің төбесінен су ағып, 60 пәтер зардап шекті. Мұның ПИК пен пәтер иелері арасындағы даулы жағдай екені түсінікті. Меншік иелерінің бірі медиация кабинетіне жүгініп, зардап шеккендер мен кооператив төрағаларын шақырды. Екі күнде пәтер иелері мен ПИК ұйымдастырған медиативтік келісім жасау арқылы жанжалды шешуге мүмкіндік туды. Егер бұл адамдар сотқа жүгінсе, сот ісі бірнеше айға созылып, қаржылық шығын болар еді. Ал медиатордың қызметі толық тегін көрсетілді», - деді Құсманғали.