11 мау, 2022 сағат 15:10

Даниал Ахметовтің өкілеттігі бір жылға ұзарды


Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің өкілеттігі бір жылға ұзарды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

"Бүгін Президенттің Жарлығына сәйкес Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің мол тәжірибесі ескеріліп, оның қызметтік өкілеттігі бір жылға ұзартылды", - делінген хабарламада. 

Еске сала кетейік, Даниал Ахметов 15 маусымда 68 жасқа толады. Әр жылдары ол Премьер-министр, Қорғаныс министрі, Еуразиялық экономикалық комиссияның энергетика және инфрақұрылым жөніндегі алқасының мүшесі болды.

Ахметов Павлодар индустриялық институтын "инженер-құрылысшы" мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын шебер болып бастаған ол кейін "Павлодаржилстрой" тресінің үй құрылысы комбинатында прораб болып жұмыс істеді.

1992 жылдан 1993 жылға дейін Екібастұз қалалық әкімшілігін басқарды. Содан кейін Павлодар облысының әкімі, СҚО әкімі лауазымдарына тағайындалды.