05 мам, 2022 сағат 15:57

Бюджет туралы заң қабылданғаннан кейін зейнетақы мөлшері қанша болады?

© Photo : Pixabay / Steve Buissinne

Нақтыланған республикалық бюджет туралы заңға президент қол қойғаннан кейін, зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері қосымша 4%-ке индексацияланады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, үш жылға нақтыланған республикалық бюджетте халықты әлеуметтік қолдауға қосымша 185 млрд теңге қарастырылған.

"Бұл қаражат зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қосымша 4%-ке индекстеуге бағытталады. Осылайша 2021 жылмен салыстырғанда ынтымақты зейнетақының жиынтық мөлшері 11%-ке, ал базалық зейнетақы мен басқа да төлемдердің жиынтық мөлшері 9%-ке өседі. Нәтижесінде әлеуметтік қамсыздандыруға және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына арналған шығыстың жалпы көлемі 4,4 трлн теңгеден немесе республикалық бюджет шығысының төрттен бір бөлігінен (25%) асады", - деді Сәкеев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол биыл зейнетақы төлеуге 3 трлн 64 млрд теңге қарастырылғанын (нақтылауды ескергенде) атап өтті. Оның ішінде республикалық бюджеттен 2 трлн 960 млрд теңге бөлінеді. Олар ынтымақты (еңбек) және базалық зейнетақыны төлеуге жұмсалады. БЖЗҚ-дан жасы бойынша жинақтаушы зейнетақы төлеу үшін 104 млрд теңге көзделген.

"Жинақтаушы зейнетақыны есепке алмағанда, зейнетақының (ынтымақты + базалық) орташа мөлшері осы жылдың 1 сәуіріне дейін 105 337 теңге болса, 1 сәуірден бастап 109 346 теңгені құрайды. Ал жинақтаушы зейнетақыны қоса есептесек, зейнетақының (ынтымақты + базалық + жинақтаушы) орташа мөлшері 133 337 теңгеден 138 616 теңгеге дейін өседі", - деді вице-министр.

Сәкеев жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысатындардың зейнетақысы шамамен 30 мың теңгеге көп екенін атап өтті.

Мүгедектігі бар адамдар мен асыраушысынан айырылған отбасыларды қолдау

Биыл мүгедектігі бар адамдарға төлем жасауға 370 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша жәрдемақыға 342 млрд теңге, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемге 28 млрд теңге бөлінеді.

Бюджеттен жәрдемақы алатындар үшін төлемнің орташа мөлшері: осы жылдың 1 сәуіріне дейін – 52 609 теңге, осы жылдың 1 сәуірінен бастап – 54 608 теңгені құрайды. МӘСҚ-тен төленетін төлемдерді ескергенде, мүгедектігі бойынша берілетін төлемдердің жалпы мөлшері 81 210 теңгеден 84 353 теңгеге дейін артады.

Асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін төлемдерге биыл 111 млрд теңге қарастырылған.

Бюджеттен алатындар үшін орташа жәрдемақы 43 957 теңгеден 45 627 теңгеге дейін өседі. МӘСҚ-тен төленетін төлемдерді ескергенде, асыраушысынан айырылу бойынша төлемдердің жалпы мөлшері 73 588 теңгеден 76 443 теңгеге дейін көтеріледі.

"Зейнетақы мен жәрдемақылардың жоғары мөлшері маусым айында төленеді. Оның ішіне сәуір мен мамыр айлары үшін қосымша ақы да кіреді", - деді Сәкеев.

Еңбек министрлігінің ақпаратынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 4,2 млн адам әртүрлі әлеуметтік төлем алады.

Соның ішінде: 2,3 млн – зейнеткер; 1,2 млн – бала тәрбиелеп отырған отбасылар; 700 мыңға жуығы – мүгедектігі бар адамдар; қалғаны басқа санаттар.

Айта кетері, бүгін, 5 мамырда Парламент 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заңды қабылдады.

Құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюына жіберілді.