09 сәу, 2024 сағат 12:56

Бишімбаев соты: қылмыс болған түні мейрамханада құрылыс жұмыстарын жүргізген куәгер не көргенін айтты



Астанада Қуандық Бишімбаев ісіне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев арасында жанжал болған түні мейрамханада құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан куәгер сотта не көргенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жөндеу жұмыстарын жүргізген қызметкер Мейірбековтың мейрамхана әкімшісі Қарлығашқа жазған хаты оқылды. 

Мейірбеков: Директор қайтып келді. VIP бөлмеде отыр.

Қарлығаштан жауап болмайды. 

Мейірбеков жасаған жұмыстарының суретін жібереді.

Картиналар ілінген қабырғаны бояуға рұқсат берген жоқ. Қуандық шу шығарып жатыр.

Колонна мен терезе жақты боядым.

Вип бөлменің астаң-кестеңі шыққан сияқты. Әйелі тірі деп үміттенемін.

Қарлығаш: Кешіріңіз.

Мейірбеков: Маски-шоу жасады. Жалаңаш денесіне пиджак киіп алыпты.

Қарлығаш: Олар әлі сонда ма?

Мейірбеков: Біз кетіп қалдық. Ол ұрып жатты немесе мүлікті бүлдіріп жатты. Кетіп қалдық.

Қарлығаш: Дұрыс істегенсіздер. Ол ішпеді ме?

Мейірбеков: Мен сізді хат жазып, оятып жібермедім бе? Кешірім өтінемін.

Қарлығаш: Жоқ, менің телефоным дыбыссыз режимде тұр.

Мейірбеков: Ол ішіп алған, мас. Әйнек есікті жұлып ала жаздады.

Қарлығаш: Күзетші болмады ма?

Мейірбеков: Жоқ, ас үйді қиратты.

Қарлығаш: Құрсыншы, барлық әйнекті сындырып бітті.

Мейірбеков: Камера бар емес пе?

Қарлығаш: Бәрін соның мойнына ілемін. Құрсыншы, ұйықтайық. Жұмысқа 11-де баруым керек.

Ал адвокаттардың "Неліктен полиция шақырмадыңыз?" деген сұрағына куәгер "10 күн бұрын да дәл осындай жағдай болған" деп, араласпауды құп көргенін айтты.