Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бишімбаев әйелін өлтірді деп айыпталуда.
Бүгін айыпталушы Бишімбаев сотта жауап беруін жалғастырды. Ол Салтанат қайтыс болған күні не жағдай болғанын айтып берді.
"Нүкенованы өлтіру туралы ешқандай ой болған емес. Біз мейіріммен, сүйіспеншілікпен ояндық. Бір құрбысы оны Дима Биланның концертіне шақырды, ол (Салтанат - ред.) бірге барайық деп қолқа салды. Ол дайындала бастады, концертке киетін киім қарады, кейбір заттары Павлодарда болғандықтан, ол өзіне гардероб таңдай алмады. Оның көңілі түсіп, ашулана бастады", – деді Бишімбаев.
Оның айтуынша, Салтанат өзіне лайықты киім таппаған соң, ол дүкенге бірге барып, киім алуды ұсынған. Сонан соң екеуі бірге дүкен аралаған, Салтанаттың көңіл-күйі көтеріңкі болған. Сосын, сотталушының айтуынша, олар мейрамханаға барған, бөлек кетіп, артынан Салтанаттың құрбысы Аидамен кездескен.
"Аида екеуі мейрамханадан шықты, ішімдік ішкен болуы керек, өйткені "Тағы шампан алу керек еді", – деді, мен: "Қазақстан" орталық концерт залына барайық, айтамын, әкеледі" дедім, – деді Бишімбаев.
Ол жанжалға еш алғышарт болмағанын қоса айтты.
"Концерт залының фойесінде мені бір танысым көріп, бетімнен сүйді, амандастық. Салтанат ашулана бастады және оның кім екенін сұрады. Әріптесім екенін айттым. Біз залға кірдік. Залға барар жолда ол: "Шампанға тапсырыс берерсің?" деді. Мен мейрамханадан шампан толтырылған 3 үлкен стакан әкелуді өтіндім де, көшеде қалдым. Концерт 20:00-де, оны әкелген кезде (шампан) 20:40 болып қалды. Мен концертке кешігіп қалдым. Даяшыны 40 минут күткендіктен, біраз ашуландым. Стақан алып кіріп, Аида мен Салтанатқа бердім де, біреуін өзіме алып қалдым. Есте қалатындай жанжал емес", - деп жалғады сөзін Бишімбаев.
Сондай-ақ ол Салтанаттың бұрын Бишімбаев сұраған дезодорантқа тапсырыс беруді ұмытып кеткенін атап өтті.
"Концерт болып жатты, менің қалғым да келмеді, Дима Биланды ұнатпаймын: "Мен кете берейін, концертті өздерің көре беріңдер, менің жұмысым бар" дедім. Көңілім түсіп отырған. Күндіз жұмыста бір жағдайлар болған. Ол: "Бірге келдік пе, бірге кетейік, соңына дейін отыра тұр" деп өтінді. Менің кетуге ниеттенгенім оны ренжіткені көрініп тұрды, бет-жүзі өзгеріп кетті. Мен оның тізесіне қолымды қойып: "Жарайды, концертті бірге көреміз" дедім. Содан ол кенет ашуланып, орнынан атып тұрып, маған: "Көргің келмесе, кеттік" деп айқайлады. Мен таң қалдым", – деді Бишімбаев.
Сонан соң Бишімбаевтың айтуынша, олар залдан шығып кеткен.