ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «жеткіліктік шегіне» қатысты түсінік берді , деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ел Президенті өзінің Жолдауында әлеуметтік салаға қатысты бірқатар тапсырма берген болатын. Соның ішінде халық тарапынан басым қызығушылық танытқан Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан азаматтар өзінің жинағының бір бөлігін тұрғын үй мәселесін шешуге, емделуге және басқа да зейнетақы басқару компанияларына инвестициялау үшін аудару мүмкіндігіне қатысты болып отыр. Біріншіден, ондай мүмкіндікке еңбекке қабілетті, яғни зейнет жасына жетпеген, аталған қорда жинақтары бар азаматтар ие болады. Олар өздерінің «жеткіліктік шегінен» асатын қаражатын толығымен аталған мақсаттарға пайдалана алады. Бұл тұрғыда негізгі мәселе – ол «жеткіліктік шегі». Ол не үшін белгіленеді, қалай есептеледі? Біріншіден, елімізде 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген. Әр азамат өз жалақысынан 10 пайыздық жарнаны қорға аударып келеді», - деп тоқталды министр Орталық коммуникациялар қызметінде.
Осы орайда Б. Нұрымбетов зейнетке жеткен азамат үшін зейнетақы алудың үш көзі қалыптасқанын еске салды. Бұл тұрғыда мемекеттік бюджет есебінен жасына келген зейнетақы және базалық зейнетақылық төлем, сондай-ақ зейнетақы жинақтаушы қорынан жиналған қаржы есебінен зейнетақы қамтылған.
«Бұл реформа 1998 жылдан басталғанын ескерсек, жылдар өткен сайын зейнетақы жинақтаушы қорынан алатын зейнетақының үлес салмағы да өседі. Болжам бойынша 2040 жылдан кейін зейнет жасына жеткен біздің азаматтарымыз үшін жинақтаушы қордан алатын зейнетақысы негізгі көзі болады. Сондықтан жинақтау жүйесінің негізгі мақсаты – ол азаматтар өзіне зейнеткерлікке қаражат жинайды. Осыған байланысты болашақта зейнетақыға жететін қаражат әр адамның сол қордағы есеп-шотында қалуы тиіс. Осы тұрғыда «жеткіліктік шегі» белгіленеді», - деп түсіндірді ведомство басшысы.
«Қажеттілік шегін есептеу тәртібі ресми Үкіметтің арнайы қаулысымен бекілетін болады. Осы күнге дейін оның мөлшерін әр жасқа есептеп хабарлаған едік. «Жеткіліктілік шегінің» негізгі параметрлері әйелдер мен ерлер үшін бірыңғай мөлшерде қаралды. «Жеткіліктілік шегі» дегеніміз – ол ертең зейнет жасына жеткенде зейнетақы жинақтау қорынан ең кем дегенде төменгі мөлшерде зейнетақы алуға мүмкіндік беретін сома. Өз кезегінде оны әр жас шамасына қарай есептедік. Жас азамат зейнет жасына дейін кемінде ең төменгі жалақы алып, соның 10 пайызын аударып отырса, кейін зейнет жасына жеткеннен соң, ең төменгі зейнетақы алуға мүмкіндік беретін «жеткіліктік шегі» қарастырылды», - деді Біржан Нұрымбетов.
Сонымен қатар ол аталған мүмкіндікті зейнет жасына жеткен кісілер де пайданалана алатынын атап өтті.
«Ол зейнет жасына жетіп отыр, мемлекеттен зейнетақы алады және жинақтаушы қорынан зейнетақы алып жүрген адамдар осы қорда қалған қаражатының 50 пайызына дейін алады», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан азаматтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарының бір бөлігін пайдалана алады.
Осыған орай ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ел азаматтарының зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін «жеткіліктілік шегін» жариялады.