Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісі бойынша ағылшын тілінен орысшаға аударма жасайтын маман сот отырысына қатысудан бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл осымен аталған іс бойынша сот ұсынған екінші аудармашы. Экс-министр Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевтің адвокаттары аудармашының еңбек өтілі, құжат аудармасындағы тәжірибесі, құқық қорғау органдарындағы туыстарына қатысты, білімі мен біліктілігі және басқа да мүмкіндіктері туралы сұрақтар жаударды.
«Қорғаушылар тарапынан мұндай көзқарастан соң, сот процесіне қатысудан өзім бас тартамын. Нақты біреуге қатысты наразылығым жоқ. Алайда бұл іс бойынша отырыстарға қатысудан бас тартамын», - деді аудармашы. Осы орайда ол мұндай қадамға өз денсаулығын ойлап барып отырғанын айтты.
Судья Ибрагим Әлкенов аудармашыны таңдауға қатысты мәселе 9 маусымда қаралатынын атап өтті. Бірақ аудармашының құзыреті туралы мәселе қаралмайды. Аудармашы іріктелгеннен кейін, сот процесі бірден басталады.
Өз кезегінде Елжан Біртанов құжаттарды толыққанды аударуға уақыт керек екенін алға тартып, қылмыстық істің материалдарымен барлығы танысуы үшін мүмкіндік беруді сұрады.
Оның айтуынша, құжаттар арасында хорватиялық Ericsson Nicola Tesla компаниясы тарапынан орындалған жұмыстарды растайтын мәліметтер бар. Е. Біртановтың пайымынша, осы құжаттармен танысқаннан кейін қылмыс құрамының болмауына байланысты, прокурорлардың өздері істі тоқтату туралы мәлімдеме жасауы мүмкін.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановтың адвокаты Нұрлан Бейсекеев сот отырысында Нұр-Сұлтан қаласының №2 Сарыарқа аудандық сотының судьясы Ибрагим Әлкеновке қарсы шағым білдірді.
Биыл мамыр айында судья Ибрагим Әлкенов Елжан Біртановтың адвокаттары негізгі сот отырысына тартылған мемлекеттік айыптаушылар мен Денсаулық сақтау министрлігі өкіліне білдірген қарсылықты қабылдамай тастаған еді.
Экс-министр Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын.
Тергеу материалы бойынша, Елжан Біртанов пен оның көмекшісі болған Олжас Әбішевке «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» арқылы мемлекетке 1,5 млрд теңгенің шығыны келтіргені туралы айып тағылып отыр.
Ал биыл 12 мамырда сот Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық істі тоқтатудан бас тартқан.