24 қар, 2020 сағат 10:30

Балық аулау маусымы басталғалы 12 адам суға батып кетті - ТЖМ

Балықшылардың су айдынында қаза болу жағдайлары жиілеп кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлиге сілтеме жасап.

Аң және балық аулау маусымы басталғаннан бері (1 қазан-22 қараша) елдің су айдындарында 12 адам, оның ішінде 1 бала қаза тапты. 

Балық аулау кезінде ереже сақтамаған 11 адам қаза тапты және ересек адамдардың қарауынсыз қалған 1 бала абайсызда суға құлап, батып кетті.

Биыл қаза болғандар Ақмола, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында тіркелді.

Мәселен, өткен күз-қыс маусымында (2019 жылғы 1 қазаннан бастап 2020 жылғы 1 наурызға дейін) еліміздің су айдындарында 37 адам (оның ішінде 10 бала) көз жұмған . 

Жазатайым оқиғаның негізгі себептері:

- 19 адам балық аулау кезінде (жағалаудан немесе қайықтан) суға құлаған;

- 7 адам балық аулау кезінде мұз астына түсіп кеткен;

- ойнап жүріп 8 бала мұз астына түсіп кеткен, 2 бала суға құлаған;

- 1 адам мұз өткелі арқылы өтіп бара жатқанда құлаған.

Аумақ бойынша алып қарасақ, қаза болғандар Ақмола, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Шығыс-Қазақстан, Жамбыл, Батыс-Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Алматы қаласында тіркелді. 

Қыс мезгілінде су айдынында қатаң сақталуға тиіс қауіпсіздік ережелері:

- тәуліктің қараңғы уақытында және нашар көрінген кезде мұзға шықпаңыз;

- мұздың жұқа және қатпаған жеріне шықпаңыз;

- мұздың жекелеген учаскелерінде топпен жиналуға болмайды;

- мұздағы шұңқырларға, жарықтарға, ойықтарға жақындамаңыз;

- автомобильмен өткелден тыс жерге шықпаңыз.