15 нау, 2021 сағат 11:44

Балалар кардиологтарының тапшылығы қалай шешіледі?

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин балалар кардиологтарының, кардиохирургтарының тапшылығын шешу үшін не істеліп жатқандығын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Нәресте өлімінің себептерінің жалпы құрылымында жиілігі бойынша екінші орынды туа біткен даму кемістіктері (үлесі 21,6%) құрайды. Олардың арасында жүрек-қантамыр жүйесінің кемістіктері (үлесі 44,1%) басым. Қазіргі уақытта балалар кардиологтарының тапшылығы 23, балалар кардиохирургтарының тапшылығы 7, балалар анестезиолог- реаниматологтардың (перфузиологтардың) тапшылығы 108 бірлікті құрап отыр. Білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын резидентурада клиникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінеді. Биыл «Кардиология, оның ішінде балалар кардиологиясы» мамандығы бойынша 88, «Кардиохирургия, оның ішінде балалар кардиохирургиясы» мамандығы бойынша 19, «Балалар анестезиология – реаниматология» мамандығы бойынша 111 түлек оқуын аяқтайды. 2020 жылы «Кардиология, оның ішінде балалар кардиологиясы» мамандығы бойынша 65, «Кардиохирургия, оның ішінде балалар кардиохирургиясы» мамандығы бойынша 7 түлек жұмысқа орналастырылды», - делінген Үкімет басшысының сенаторлардың ресми сауалына берілген жауабында. 

Оның атап өтуінше, медицина кадрларын ынталандыру жолымен білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін жүйелі шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілуде. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңмен көтеру, оның экономикадағы орташа жалақыға арақатынасын 2,5 есеге дейін жеткізу көзделген. Медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру және олардың қызметін кәсіби қорғауды қамтамасыз ету бойынша заңнамалық іс-шаралар қабылдануда. Ауылдық елді мекендерге келген жас мамандарды әлеуметтік қолдау қамтамасыз етіледі. Медицина кадрларын даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесі күшейтілуде. 

«Денсаулық сақтау саласын медицина кадрларымен қамтамасыз ету мәселелері Үкіметтің отырысында қаралып, әкімдіктерге медицина қызметкерлерін материалдық ынталандыру бойынша шаралар қабылдау туралы тапсырмалар берілді. Балаларға кардиохирургиялық көмекті жетілдіру мақсатында балалар жасындағы пациенттерде өкпе гипертензиясы бағдарламасын жүргізу және «Жүректің жалғыз қарыншасы бар пациенттерге арналған бағдарлама» мультипәндік командасын құру жоспарлануда», - деді Асқар Мамин.