Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев халықтың ауылдық жерден қалаға көшуі өсіп келе жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ауылдық жерлердің бүгінгі ахуалы қандай? Онда тұратын халықтың тұрмыс-тіршілік, әлеуметтік жағдайы қандай деңгейде? 2011 жылы бізде ауыл халқының үлесі 45,4 пайызды құраса, қазір бұл көрсеткіш 41,3 пайызға тең. Әсіресе, оның экономикалық белсенді бөлігі үлесінің күрт төмендеуі алаңдатады. Мәселен, соңғы 10 жылда еңбекке қабілетті жастағы адамдар саны 4,1-ден 3,8 млн адамға дейін төмендеген», - деді депутат Сенаттағы ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі парламенттік тыңдауда.
Осы орайда ол жылдан жылға халықтың ауылдық жерден көшуі өсіп келе жатқанын жеткізді. Өткен жылы жарты миллионға жуық адам ауылдан қалаларға қоныс аударған.
«Бұрын ауылда бала туу деңгейі қалаға қарағанда әрқашанда жоғары болатын. Ал соңғы алты жылда бұл көрсеткіш ауылдық жерлерде төмендеп кетті. Статистика мәліметтері бойынша, 2019 жылы ауылдағы жан басына шаққандағы табыс айына 45 829 теңгені құраған (қалада – 66 207 теңге). Ал біз жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша ауыл тұрғындарының табыстарын бағалау одан да аз, айына – 35 349 теңге. Айта кету керек, бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші 3,6 млн адамның 2 млн немесе 56,2 пайызы ауылдарда тұрады. Сондай-ақ, табысы, күнкөріс деңгейінен төмен, аз қамтылған отбасылар саны ауылдық жерлерде 6,6 пайыз, бұл қалаға қарағанда 2,5 есе көп. Осылайша, еліміздің кедей және күнкөрісі төмен отбасылардың негізгі бөлігі ауылдық елді мекендерде тұрады», - деді А. Күрішбаев.
Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта ауылда 150 жаңа денсаулық сақтау нысандарын ашу қажет. Ауылдық жерлерде дәрігерлерге қажеттілік 900-ден астам адамды құрайды. Бұл ретте қалада 10 мың адамға 56 дәрігерден келсе, ауылда тек қана 16 дәрігер немесе 3,5 есе аз.