29 мау, 2021 сағат 18:43

Ауыл шаруашылығы саласында келімсек жұмыскерлер неге көп?


Елімізде ауыл шаруашылығы саласында неліктен гастарбайтерлер көп. Бұл сұраққа ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл жерде мәселе жұмыс күшінің жетіспеуінен емес, біздің азаматтар ауыл шаруашылығында жұмыс істегісі келмейді, оның үстіне жалақысы аз. Елдегі жұмыссыз азаматтардың өзі жалақысын азсынып, бұл салада жұмыс істегісі келмейді. Ал Өзбекстан азаматтары ауыл шаруашылығында қуана жұмыс істеуге дайын тұр», - деді Сейітжанов ОКҚ-де тілшілердің сұрағына жауап бере отырып. 

Бұған дейін Көші-қон комитетінің өкілі, шетелдік еңбек мигранттарының заңды түрде қалай жұмыс істей алатыны туралы айтып берді.

Одан бөлек, аталған баспасөз мәслихатында Азаматтығы жоқ мәселелер жөніндегі өңірлік кеңесші, БҰҰ Босқындар істері жөніндегі жоғары комиссар басқармасының Орталық Азия бойынша өкілі Роман Марин Қазақстанда азаматтығы жоқ 7 мың адамның тіркелгенін мәлім етті.

«Біз Қазақстан Республикасында әр адамның жеке құқығы қорғалып, оның азаматтығын заңдастыруда барлық мүмкіндік қарастырылғанына сенімдіміз. Өткен жылдың соңында Қазақстан аумағында азаматтығы жоқ 7 мың адам тіркелді. Айтып өткен жөн, «азаматтығы жоқ» мәртебесін ресми түрде алған адам, заң аясында өз құқығын қорғап, азаматтығы бар адамдармен бірдей мүмкіндіктерді қолдана алады. Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстарды ІІМ құзырлы және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп атқарып жатқан еңбегі өз жемісін беріп жатыр. Біз де өз тарапымыздан азаматтығы жоқ адамдарға жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз», - дейді ол.