25 қаз, 2021 сағат 14:33

Ауғанстанның 2 азаматын Ресейге заңсыз өткізбек болған қазақстандыққа сот үкімі шықты


Ауғанстанның 2 азаматын Ресейге заңсыз өткізбек болған қазақстандыққа сот үкімі шықты. Бұл туралы ҚР ІІМ Көші-қон қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бауыржан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Өткен аптада ғана Қостанай облыстық соты Ауғанстанның екі азаматын түн ішінде мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерін айналып өтіп, Ресейге заңсыз көші-қон ұйымдастырмақ болған Қазақстан азаматына үкім шығарды», - деді ол Ішкі істер министрлігінде өткен брифинг барысында. 

Сонымен қатар ол шетелдіктердің еліміздің аумағында рұқсат құжаттарын алудың заңсыз жаңа түрі пайда болғанын айтады. 

«Мәселен, Алматы қаласында бір пәтерде тіркелген 7 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталды. Олар ешқандай қызмет атқармаған, бюджетке салық та, төлемдер де жасамаған. Бірақ, аталған заңды тұлғалар шетелдіктерге 16 виза рәсімдеген. Бұл факті бойынша тергеу басталды», - деді Бауыржан Омаров.