Атырауда екі тұрғынның көлігінен 364 киік мүйізі тәркіленді, деп хабарлайды Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі.
Криминалдық полиция басқармасы мен балық қорына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізген.
«Іс-шара кезінде Атырау қаласына таяу орналасқан «Геолог» ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында тұрғын екі көліктің ішінен 364 дана киік мүйізі тәркіленді. «ВАЗ-21014» автокөліктің бірінен 200 дана киік мүйізі мен құқық қорғау органында тіркелмеген қос ұңғылы «ТОЗ-16» маркалы аңшы мылтығы табылды. Ал, екінші көлікте 164 дана киік мүйізі мен рұқсат құжаттары жоқ 4,5 калибрлі «Байкал МР-512» маркалы қару бары анықталды» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Қазір күдіктілер – Исатай ауданы мен Атырау қаласының 23 жастағы екі тұрғынына қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 339-бабы, 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.