27 қаз, 2020 сағат 18:41

Атамекеніне оралған қандастар Қазақстанның қай өңірлеріне қоныстанады?

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қайрат Бодаухан шет елдерден көшіп келген қандастардың қай өңірлерге қоныстанатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2012 жылы оралмандар үшін 2011-2014 жылдарға арналған квота айқындау туралы Үкімет қаулысы кері қайтарып алынды. Мәселен 2012-2017 жылдары этникалық қазақтарды қоныс аударуға квоталар мүлдем белгіленбеді. Алайда, осы жылдарда ел аумағына мемлекеттің ешбір қолдауынсыз, өз мүмкіншіліктерімен 120 303 қандас келіп, орналасқан», - деді Қайрат Бодаухан «Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында. 

Оның айтуынша, демографиялық ахуалы төмен деп есептелетін бес өңір – Ақмола, ШҚО, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы көші-қон жағдайы алаңдатып отыр. Соңғы бес жылда аталмыш өңірлердегі сыртқы көші-қон сальдосы - 87 633, ішкі көші-қон сальдосы - 86 098 адамды құрап отыр. 

«Ал қазіргі кезеңде ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы № 83 қаулысына сәйкес отандастарды қоныстандыру үшін 7 өңір таңдалды, олар – Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. Осы шешім негізінде 2017 жылдан бастап квоталар отбасы санымен емес, адам санымен белгіленеді», - деді Қ. Бодаухан.