Алматы облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/8 мекемесінде (жоғарғы қауіпсіздік) тінту жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Шара барысында 31 бірлік ұялы телефон (қарапайым-16, смартфондар -15), 10 зарядтағыштар құралдар, 6 сим-карта, 3 дана құлаққап, 3 дана MP3 ойнатқыш, 2 ойын карта, 30 метр электр сым және 17 дана қолдан жасалған тесуге және кесуге арналған құралдар (пышақ, қайрауыш және т.б.) тауып, тыйым салынған заттар тәркіленді.
«Қызметкерлер тыйым салған заттарды сотталушыларға олардың туған-туыстары мен таныстары жеткізеді, кейбірі тыйым салынған заттарды мекеменің сыртқы қоршауынан лақтырады. Бұл бағытта алдын алу жұмыстары жүргізіліп тұратындығына қарамастан заңсыз әрекеттер болып тұрады. Осыған байланысты мекеме әкімшілігімен үнемі тінту жұмыстары жүргізіледі. Туыстарын заңбұзушылыққа итермелеген сотталғандар міндетті түрде тәртіптік жазаға тартылатының, ал тыйым салынған заттарды мекемеге өткізушілер жазасыз қалмайтының ескертеміз», - деді өңірлік Қылмыстық атқару жүйесі Департаменті бастығының орынбасары Қанат Ашов.
Ведомство өкілдері тінту жұмыстары видеоға түсірілгенін жеткізді.
«Мекеме әкімшілігі мен ҚАЖ қызметкерлері тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Сотталғандар арасынан тінту жұмыстарына байланысты арыз-шағымдар түскен жоқ. Осы іс-шараның заңдылығын және сотталғандардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық әрекеттер видеоға түсірілді»- деді Алматы облысы бойынша мекемелерде кылмыстық жазалардың орындалу заңдылығын кадағалау жөніндегі мамандандырылған прокурор Азамат Абдулдаев.
Тексеру шарасы қадағалау жөніндегі мамандандырылған прокуратура өкілдерінің, № 3660 әскери бөлімінің жеке құрамының, мекеме қызметкерлерінің және ҚАЖ Департаментіне бағынысты мекемелердің қызметкерлерінің қатысуымен жүргізілді.
«Аталған іс-шара санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес өткізілді»,- делінген ведомствоның хабарламасында.