11 нау, 2021 сағат 16:11

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары құнын қадағалау қалай жүргізіледі?

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары құнының негізсіз өсуіне жол бермеу қадамдары қандай. Осы орайда жауапты ведомство бұл бағыттағы жұмыстарға түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТТ) өзіндік құнының өсуін тежейтін құралдардың бірі - баға шектерін енгізу. 

Қазіргі уақытта ӘМАТТ тізіміне 19 өнім кіреді: ұн, нан, жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс майы және сары май, кейбір ет түрлері (сиыр, тауық), сүт өнімдері (сүт, айран, сүзбе), көкөністер (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) және тұз. Баға шегін жергілікті атқарушы органдар белгілейді. Әкімдіктер әр өнімнің бағасын аймақтағы ӘМАТТ тізімінен есептейді және бекітеді. Бұдан әрі бекітілген бағалардың дүкендердегі нақты бағамен сәйкестігін әкімдіктер де бақылайды», - делінген Сауда министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінде. 

Шекті бағадан асқан жағдайда сауда субъектілеріне әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сонымен, егер осындай факт анықталса, айыппұл 100 АЕК, егер қайталанса - 200 АЕК құрайды. 

Әкімшілік айыппұлдарды жергілікті атқарушы органдар салады.

Өз кезегінде Сауда министрлігі мемлекеттік органдарды аймақтардағы ӘМАТТ бағаларын белгілеу мәселелері бойынша үйлестіреді.

Атап айтқанда, сатушының маржасы өндірушінің сату бағасынан немесе көтерме сауда жеткізушінің сатып алу бағасынан 15% аспауы керек.

«Сауда-саттықтың максималды үстеме ережелерін, баға шектерін бұзушылықтарға жедел жауап беру немесе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының негізсіз қымбаттау жағдайларын анықтау үшін, Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасындағы бөлшек сауда объектілеріндегі бағаларды үнемі қадағалап отырады. Жедел және сенімді ақпарат алудың маңызды арналарының бірі - Dosmart.kz кэшбэк-қызметі: әрбір қазақстандық тамақ өнімдерін сатып алғандығы туралы түбіртектің фотосуретін жібере алады және ұялы телефон шотына 1% дейін кэшбэк алады. Жинақталған ақпарат министрлікке келіп түседі, бұл бізге бағаны көтеру фактілері туралы тиісті әкімдікке шара қолдану үшін хабарлауға мүмкіндік береді», - деп аталып өткен ведомство хабарламасында.

Тұтынушылар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы көтерілген жағдайда, жергілікті атқарушы органға жүгіне алады.

Бағаны тұрақтандыру және бағаның күрт өсуіне жол бермейтін жүйелік қадамдарды әзірлеу мақсатында Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Жол картасын әзірледі. Қарастырылған іс-шаралар қолданыстағы механизмдерді жетілдіруге, өндірісті ұлғайтуға және кәсіпорындарды қолдауға, заңнамалық өзгерістерге бағытталған.