ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы және «Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы» бірлесіп әлеуметтік кәсіпкерлік мәселелері жөнінде көлемді зерттеу жүргізді.
Зерттеудің мақсаты – әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін Қазақстан заңнамаларына өзгертулер әзірлеу және оларды енгізуге тұжырымдамалық дәлел жасау, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Зерттеуге қатысқандар халықаралық тәжірибені талдап, әлемдегі және елдегі әлеуметтік кәсіпкерлік мүмкіндіктерін, сондай-ақ негізгі кедергілерді зерделеді. Сараптамалық консультациялар мен сұқбаттар өткізіп, заң жобасын және оның тұжырымдамасын әзірледі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, жастар мен әйелдердің мәселелерін, сондай-ақ жұмыссыздықты шешуге бағытталған 300-ге жуық (бейресми деректе – 500) әлеуметтік кәсіпкер қызмет етуде. Олардың 57%-ы қызмет көрсетумен айналысса, қалғаны тауар шығару және оларды сатуға ден қойған.
Заңнамада әлеуметтік пайдалы қызметпен айналысатын субъектілерге мемлекет тарапынан қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, салықтық жеңілдіктер, жұмыспен қамту саласын ынталандыратын шаралар, мемлекеттік сатып алуларға қатысқанда басымдық беретін құқықтың болуы, гранттар және микрокредит алу құқығы. Алайда, аталған қолдау шаралары шашыраңқы және жалпы алғанда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ете алмайды.
Зерттеу авторлары Ұлыбритания, Дания, Италия, Оңтүстік Корея, Канада, Франция және тағы да басқа әлемнің 16 елінің заңнамаларына талдау жасады. Нәтижесінде Қазақстан «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымы нақты анықталған, оған қатысты өлшемшарттары реттелген, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының тізімі анықтаған елдердің тәжірибесіне сүйенуі керек деген қорытынды жасап отыр. Мұндай елдерде мемлекет әлеуметтік бизнестің қызметін қатаң бақылайды, ал бизнес болса, жеңілдіктер мен артықшылықтарды кеңінен қолданады.
Зерттеу авторлары әлеуметтік кәсіпкерліктің құқықтық режимін анықтап, мемлекеттік қолдау шараларының нақты тізімін түзу керектігін ұсынып отыр. Айталық, әлеуметтік бағытта қызмет ететін кәсіпорындарды кейбір салық түрлерінен босату. Тауарларды сату мен қызметтерді ұсыну үшін маркетплейс түзу. Онымен қоса, мемлекеттік мүлікті ұсынуда жеңілдік шарттарын қарастыру. Бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында әлеуметтік кәсіпкерлік негіздерін оқыту сынды ұсыныстарды білдірді.
Зерттеу нәтижесі мүдделі мемлекеттік органдарға және ұйымдарға зерделеу және қолдану үшін жіберілмек.