12 сәу, 2022 сағат 13:55

Әлемдегі ең алпауыт елдер ғылымға жалпы ішкі өнімнен 4-5 пайыз қаражат бөледі


2025 жылға қарай Қазақстан ғылымды дамыту үшін жалпы ішкі өнімінің 1 пайызына тең қаржы бөле бастайды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтыр бізде ғылымды қалжыландыру көлемі жалпы ішкі өнімнің 0,13 пайызы болды. Біртіндеп өсіп келе жатыр. Қабылданған Ұлттық жоба бойынша, ғылымды қаржыландыру 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің 1 пайызы – 1 трлн теңгеге жуық қаражатқа ие болуы керек. Биыл бұрынғы көлеммен салыстырсақ, 70 пайыз өсті. Ғылымға қатысты қаражат Білім және ғылым министрлігінен бөлек 9 министрлікке бөлінеді. Бұл қаражаттың арқасында тек Білім және ғылым министрлігінің тарапынан 1160 грант жобасы, оның ішінде жас ғалымдардың 315 жобасы және 59 нақты бағдарлама қаржыландырылып отыр», - деген ведомство өкілі қазір ғылымға елдің жалпы ішкі өнімінің неше пайызы жұмсалып жатқанын жеткізді. 

«Жалпы әлемдік тәжірибеде ғылымды қаржыландыру көлемі жалпы ішкі өнімнің 1 пайызынан артық болса, сондай елдерде ғана ғылым бар деп есептеледі. Бір мысал келтірейін, әлемдегі ғылымды адамзаттың миы деп санайық. Адам ағзасындағы энергияның 20 пайызы миымызға кетеді. Сонда ғылым саласын адамзаттың миы деп санасақ, әлемде ең алпауыт елдер ғылымға жалпы ішкі өнімнен 4-5 пайыз қаражат бөледі. Соның өзінде ғылым саласы үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Бізде 2019 жылы ғылымға жұмсаған ең төмен қаражаттың көлемі жалпы ішкі өнімнің 0,12 пайызын құрады. Ол – өте төмен көрсеткіш. Бірақ тек қана мемлекетке тиесілі емес», - деді комитет басшысы.

Айтуынша, әлемде ғылымның үштен екі бөлігін мемлекеттер емес, бюджет емес, ірі компаниялар, ірі бизнес қаржыландырады.

«Мысалы вакцинаны алсақ, Pfizer компаниясы – мемлекеттік ұйым емес. Басқа да вакцинамен айналысқан алпауыт компаниялар көбінесе мемлекеттік емес қаражатты пайдаланады. Мемлекеттер көбінесе іргелі ғылыми жобаларды ғана қаржыландырады. Өйткені ол зерттеулерді коммерциализациялау мүмкіндігі жоқ. Сондықтан олар олар мемлекеттің мойнындағы парыз болып саналады», - деп түсіндірді Жанна Құрманғалиева.