ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов заңсыз онлайн несиелер қалай рәсімделетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Интернет алаяқтарды анықтау бойынша биылғы 9-11 ақпан аралығында «Anti-Fraud» операциясы өткізілді. Үш күнде 300-ден астам қылмыс тіркеліп, бұрын жасалған 289 алаяқтық қылмысы ашылды. Алаяқтықтық көп тараған түрі – ол интернет алаңдарда тауар сату немесе қызмет көрсетуге байланысты. Олар тауар бағасын төмен бағамен белгілейді, сондай-ақ қызмет көрсету құнын төмендетіп көрсетеді. Алаяқтар тауар сатып алушыларға бөтен адамның атына рәсімделген шоттарға төлемді толықтай немесе ішінара жасауды сұрайды», - деді Қ. Нұрмағамбетов онлайн режимдегі брифингіде.
Оның айтуынша, микронесиелік ұйымдарда онлайн қарыздарды заңсыз рәсімдеу жиілеп кетті. Қылмыскерлер интернет арқылы азаматтардың жеке мәліметтерін алуға тырысады.
«Шымкент қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде табылған жеке құжаттар туралы хабарландыруларды іздеген. Жеке куәлік фотосуреттерінен тиісті мәліметтерді алғаннан кейін, түрлі облыстар тұрғындарының атына 50-ге тарта онлайн несие рәсімдеген», - деді Криминалдық полиция департаментінің өкілі.
Сонымен қатар ол банк карталары мен депозиттердегі қаржыны заңсыз иемдену үшін жеке мәліметтерді алудың басқа да тәсілдері тіркеліп жатқанын айтты.