27 қар, 2024 сағат 17:10

Ақтөбе облысында алимент төлемеген әкенің ісі бойынша сот шешімі шықты

Фото: Pexels.com

Ақтөбе облысының Мәртөк аудандық соты төрт жыл бойы алимент төлемеген әкеге қатысты істі қарады. 2021 жылы сот бұрынғы жұбайының пайдасына екі баланы асырау үшін оның барлық табыс түрлерінің үштен бірін алимент ретінде өндіру туралы шешім шығарған. Алайда, балалардың әкесі осы уақытқа дейін алимент төлемей, қарызы 4 миллион теңгеден асып кеткен.

Сот шешімін орындау барысында ер адамның ресми жұмыс істемейтіні анықталып, оған жүргізуші куәлігінен айыру және елден шығуға шектеу қою шаралары қолданылды. 2024 жылы ол алимент төлемегені үшін 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Осы жағдайға байланысты балалардың анасы немерелерін асырау үшін әжесінен алимент өндіріп алуға сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Әжесі сотта жалақысының аздығын, несие төлеу міндеттемелері мен денсаулығының нашарлығын алға тартты. Сондай-ақ ол асырауындағы екінші ұлының отбасын қамтамасыз ету шығындарын да атап өтті. Өз кезегінде балалардың әкесі жұмысқа орналасқанын және алимент төлеуге дайын екенін айтып, талапты қанағаттандырмауды сұрады.

Сот шешімі бойынша, әке өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда оның жауапкершілігін әжеге жүктеу заңсыз деп танылды. Тек ата-анасы мүгедек болған немесе олар болмаған жағдайда ғана мұндай міндетті әжеге жүктеуге негіз бар. Осыған байланысты сот талапты қанағаттандырудан бас тартты. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.