25 қар, 2024 сағат 11:09

Екі қазақстандық АҚШ-тан пошта арқылы есірткіге тапсырыс берген

Фото: Видеодан скриншот



Астананың екі тұрғыны есірткі құралдарын таратқаны үшін 8 және 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


ҚМА-ның елордалық департаменті АҚШ-тан есірткі және психотроптық заттарды халық тұтынатын тауарлары бар пошта сәлемдемелері түрінде аса ірі мөлшерде жеткізу дерегін әшкереледі.


Қызметтік-іздестіру итін қолдана отырып, тексеру жүргізу кезінде кедендік бақылау аймағындағы уақытша сақтау қоймасында жалпы салмағы шамамен 1 келі болатын "гашиш" есірткі заты табылып, тәркіленді.


Сонымен қатар, соталды тергеу барысында жүргізілген мониторинг нәтижелері "Қазпошта" АҚ қалалық филиалдарының бірінде сол алушылардың атына тағы бір сәлемдеме келгенін көрсетті.


"Сәлемдемеде жалпы салмағы 7 грамнан асатын күшті психотропты зат – тетрагидроканнабинол және оның изомерлері табылды. Айыпталушылардың бірінің пәтерін тінту кезінде есірткі құралдары, сондай-ақ орауыш материалдар мен таразы табылды. Сот шешімімен істің екі қатысушысы кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік колониясында жазасын өтей отырып, 8 және 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды", - делінген хабарламада.


Жалпы, жыл басынан бері есірткі контрабандасы және заңсыз айналымы фактілері бойынша 116 қылмыстық іс тіркелген. 57,3 келі есірткі тәркіленген. Сонымен қатар, 1,7 келі психотроптық заттар, анаболиктер (улы зат) – 206 мың дана және "Тропикамид" көз тамшылары – 1 680 дана тәркіленді.