Фото: parlam.kz
"Ақ жол" демпартиясы таяуда құрамынан шығарылған Асқар Садықовтың бүгінгі мәлімдемесіне байланысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Ult.kz партия сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәлімдемеде айтылғандай, Асқар Садықов партия төрағасы келтірген деректерден басқа өзін партия қатарынан шығаруға негіз боларлық еш дәйектің жоқтығын алға тартқан.
"Ол тіпті, харрасмент фактілерін жоққа шығарып та отырған жоқ. Соның өзі ғана оны партия қатарынан шығаруға жетіп жатыр. Алайда, партия төрағасы Садықовқа тағылған айыптар этикалық нормалардың бұзылуы ғана емес, өзге де салмағы ауыр жайттарға қатысты екендігін тілге тиек еткені бекер емес", - делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ партия мәлімдемесінде мысалдар келтірілген.
"А. Садықовтың үшінші тұлғалардың пайдасы үшін өз өкілеттілігін асыра пайдалану әрекеті анықталды. Мұндайда этикалық нормаларды бұзу азаматтық құқықтық салаға көбірек қатысты болса, лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын құқықтық қылмыс болып табылады, сондықтан партия төрағасының мәлімдеуінде бұл фактілер көрсетілген жоқ еді.
Бірақ, оның барлығы да пленумда талқыланып, Садықовтың әрекеттері партия беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деген қорытынды шығарылды. Мәселе А.Садықовтың депутат ретінде мемлекеттік сатып алу процедурасына араласуы және өз таныстарының тендерлерде жеңіске жетуін қамтамасыз ету талаптары туралы болып отыр (әкімдердің бірінің А.Садықовтың мемлекеттік сатып алу нәтижелеріне ықпал етуге тырысқаны жөнінде ресми хаттары қолымызда бар)", - делінген мәлімдемеде.
Адал бизнес пен шынайы бәсекелестікті қолдайтын «Ақ жол» демпартиясы осы жағдайды сараптай келе мұндай әрекеттер партияның Жарғысы мен Бағдарламасына қайшы келеді деп есептейді. Сонымен қатар, А.Садықовтың әрекеті сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау тәуекелдерін тудырады.
"Талқылауға қатысқан А.Садықов әріптестерінің пікіріне мән бермей, депутат ретінде қандай да бір әрекет жасауға құқылы екенін айтып, өз қателігін мойындаудан бас тартты.
Осыған байланысты пленум оны партиядан шығару туралы шешім қабылдады. Пленумның өкілеттіктерін және қабылданған шешімнің заңдылығын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы қабылдап, нәтижесінде А.Садықов депутаттық мандатынан айырылды", - делінген хабарда.
Партия өкілдерінің айтуынша, Асқар Садықовтың өзіне қатысты шешімнің негізсіз екендігі туралы әңгімелері еш дәйекке сүйенбеген бос сөздер ғана.
Айта кетейік, бұған дейін Асқар Садықов "Ақ жол" партиясынан шығарылғаннан кейін дау шыққан. Партия төрағасы Азат Перуашев ол неліктен шығарылғанын түсіндіре отырып, ол харрасментпен айналысқаны туралы деректер келтірген.
Бүгін, 5 қыркүйекте Асқар Садықов бұл айыптауға қатысты жауап беріп, негізсіз айып тағылғанын мәлімдеген.