12 қар, 2020 сағат 12:45

Адамзаттың үміті коронавирусқа қарсы вакцинада – пульмонолог

 

Пульмонолог дәрігер Саттар Ералиев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында коронавирус инфекциясының адам денсаулығына әсеріне жан-жақты тоқталып, оның қаншалықты қауіпті екенін айтып берді.

– Мамандар КВИ –дің екінші толқынын ЖРВИ мен тұмау ауруымен байланыстырып отыр. Неге?

– Коронавирус тұмау сияқты жедел респираторлық вирустық инфекцияға жатады. ЖРВИ — маусымдық ауру. Суық келгенде адамның иммунитеті төмендеп, ауру өрши түседі. Біздің басты мәселе – КВИ-мен ауырған науқастар тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекциямен қабат ауырмауын қадағалау. Мысалы бір науқас коронавируспен де, тұмаумен де ауруы мүмкін. Онда ол адамның жағдайы қиындайтыны белгілі. Сондықтан да, осы жылы тұмауға қарсы вакцинацияға ерекше көңіл аударылған. Себебі КВИ-ге тұмау қосылмауы керек. Негізгі байланыс — осы.

– Коронавируспен ауырған адамдардың денсаулығында қандай өзгерістер болады?

– Коронавируспен ауырған науқастардың көбiнесе өкпесі зақымданады. Сонымен қатар, ол орталық ми жүйесі, жүрек, бауыр, бүйрекке әсер етеді. Немесе науқастың бұрынғы созылмалы ауруын қоздырып жібереді. Бірақ, айта кету керек, кейде тұмауда да ми зақымдалады. Тіпті, тұмаудың ауыр түрі өлім жағдайына әкелуі мүмкін. Осыны да естен шығармаған абзал. Алайда, осы уақытқа дейін бірде-бір вирус коронавирус сияқты басқа ағзаларға әсер етпеген.

– Коронавирус инфекциясы қандай ауруы бар адамдар үшін қауіпті?

– Коронавирус инфекциясының өзі өте қауіпті. Мысалы, тұмаумен ауырған бүкіл науқастардың 0,1 проценті қайтыс болатын болса, КОВИД-пен ауырғандардың ішінде қайтыс болғандардың жиілігі 1 пайыздан 3 пайызға жетіп отыр. Бұл індеттің жұғу қабілеті өте жоғары. Егер отбасында біреу ауырса, жанұя мүшесіне жұғады. Әрине, балалар мен жастар ауырмауы мүмкiн немесе оларда жеңіл өтуі мүмкін.

–Жасыратыны жоқ, бұл ауруға қарсы екпе де, дәрі де жоқ, қазір қолданып жатқан дәрі-дәрмектер ауруды жеңіп шығуға қауқары жете ме? 

– Дұрыс айтасыз, бұл ауруға қарсы дәрі жоқ. Тіпті, болмауы да мүмкін. Бұл әлімдік медицина тарихында бар дүние. Мысалы, шешек ауруына дәрі табылған жоқ. Осы ауруға байланысты кезінде қаншама пандемиялар болды. Жер шарында мыңдаған адам көз жұмды. Шешектi тек вакцинациялау аркылы жеңдiк. Сондықтан, бүгінгі адамзаттың үміті вакцинада. Қуанарлығы — ғалымдар КВИ-ге қарсы вакцинаның сынамада оң нәтижие бергенi туралы хабар жариялады. Бұл, әрине, адамзат үшiн жақсы хабар. Негізі аурумен адамның ағзасы күреседі. Жеңеді, не жеңіледі. Ал, біз беріп жатқан дәрі-дәрмектер ауруға төтеп беру үшін адам ағзасының қорғанысына сеп болады. Мысалы, оттегі жетпей жатса, оттегін береміз, қан қоюланса, соны сұйылтатын дәрі береміз. Яғни, симптоматиялық ем жүргіземіз. Жалпы, біз зақымданған ағзаның қызметін қалпына келтіруге тырысамыз.

– Бұл инфекция есте сақтау қабілетін нашарлатады деген ақпарат тарап жатыр, бұл қаншалықты рас? 

– Рас. Есте сақтау қабілетіне әсер етеді. Жаңа айтып өттiм, бул вирус ми мен орталық жүйесін зақымдайды. Осыған байланысты адамның есте сақтау кабiлетi нашарлайды. Әсіресе, егде жастағы адамдар арасында ауырлау өтедi. Алайда, ол уақыт өте келе қалпына келеді. Адам ағзасының өзін-өзі қалпына келтіру резерві үлкен, бірақ ол уакыт пен шыдамдылықты қажет етедi. 

– Инфекцияның симптомсыз өтуі тек иммунитетке байланысты ма?

– Әрине, иммунитетке байланысты. Мысалы, жастарда КОВИД көбiнесе симптомсыз өтедi. Кейде, үлкен кісілердің арасында да симптомсыз өткен жағдайлар анықталды. Симптомсыз түрiнде ол кiсiлер ауырғанын бiлмейдi де, басқа кiсiлерге, жакындарында, отбасы мушелерiне жұқтыруы мүмкiн. Бұл аурудың бір жаман жері — алғашқы 10-12 күн симптомсыз өтіп, кейін белгілері шығуы мүмкін. 

– Ауруды екінші рет жұқтыру фактісі анықталды ма? 

– Індетті екінші рет жұқтыру фактісі бар. Дүниежүзінде 5-6 жағдай анықталды. БАҚ беттерінде Қазақстаннан да шыққаны жазылып жатыр. Кейбір мамандар мұнымен келіспейді. Десекте, көктемде ауырған науқастардың кайта ауырғаны туралы ақпараттар түсiп жатыр. Ковидпен ауырған адамда иммунитет пайда болғанымен, ол кейде үш айға ғана созылуы мүмкін. Осы мезгiлден кейiн адам КОВИД-тi қайта жұқтыруы мумкiн.

– Халыққа берер кеңесіңіз?

– Ең алдымен үлкен кісілерге ерекше назар аудару қажет. Біз егде жастағыларды үйде отыруға шақырамыз, алайда оларға отбасы мүшелері сырттан коронавирусты алып келуi мүмкін. Сондықтан, жастар барлық санитарлық талапты қатаң сақтауы тиіс. Қоғамдық көлікте, дүкендерде маскасыз жүретін кісілер жиі кездеседі. Саулық - сақтықта екенін естен шығармаған абзал.

– Сұхбатыңызға рахмет!