ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр осы жылы 6 ай ішінде тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылғанын, бұл 2018 жылғы деңгейден 15,5%-ға жоғары екенін айтты. 1 теңге мемлекеттік қаражатқа 7,4 теңге жеке инвестиция тартылды.
«Осы жылдың соңына дейін 118 мың тұрғын үй салуды жоспарладық. Жарты жылдық қорытынды бойынша 48 925 тұрғын үй берілді. Тұрғын үйді уақытылы беру үшін құрылыс алаңдарына инженерлік коммуникация жүргізуге 81,7 млрд теңге қарастырылған», — деді Р. Скляр.
Жарты жылдық қорытынды негізінде қаржыландыру жоспары бойынша өңірлерге 36,8 млрд теңге аударылды, оның 35,8 млрд теңгесі немесе 96,1% игерілді.
«ЖАО-да кезекте тұрғандар үшін сатып алмай жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 32,8 млрд теңге көзделген. Өңірлерге 14,9 млрд теңге аударылды, 14,8 млрд теңге немесе 99% игерілді. Биыл кезекте тұрғандар үшін 6 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. 1 шілдеде 924 пәтер берілді», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.
Көп балалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға 50 млрд теңге қарастырылды. Қаржыландыру жоспары бойынша өңірлерге 9,7 млрд теңге аударылды, оның 9,6 млрд теңгесі немесе 99,6% игерілді. Барлық көздерден 7482 пәтер беру жоспарлануда. Мамыр айынан бастап 1619 көпбалалы отбасына тұрғын үй берілді.
Сонымен қатар, Р. Скляр жұмыс істейтін жастардың еңбек ұтқырлығын қамтамасыз ету үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 2019-2021 жылдары жылына 1 мың жалдамалы пәтер салу жоспарланғанын атап өтті.
«Бұл 2019, 2020 және 2021 жылдары жұмысшы жастарға 3 мың жалға берілетін пәтер беруге мүмкіндік береді», — деп нақтылады министр.
Аз қамтамасыз етілген отбасыларды жылдық 2%-бен жеңілдікпен несиелендіру аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 50 млрд теңге бөлінді. Өңірлер арасындағы несие беру лимиттері кезектегілер санына бара-бар анықталған.
15 шілдеде банк төлем қабілеттілігін алдын ала бағалау бойынша кезекте тұрғандардан өтініш қабылдауды бастады. Қарауға 9,9 млрд теңге сомасына 920 өтініш түсті. Несие беруге 1 млрд теңгеге 91 өтінім мақұлданды.
«2019 жылы шамамен 13 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 500 мың шаршы метрге артық. Сонымен қатар, тұрғын үй бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі әлеуметтік бағытқа негізделген. Жыл сайын 6 мың аз қамтылған отбасы мен 3 мың жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету міндеттемесін алдық. Мамырдан бастап оны іске асыруға кірістік. Барлық заңнамалық нормалар қабылданып, қажетті қаражат бөлінді», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.
Осы орайда Үкімет басшысы әлеуметтік бағыттағы тұрғын үй көлемін толығымен беру және сатып алу бойынша нақты шараларды қабылдау керектігін тапсырды.
Бұдан бөлек, Премьер-Министр тұрғын үйді салуға, инженерлік инфрақұрылымды жеткізуге уақтылы дайындалудың маңызы зор екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы барлық тұрғын үй бағдарламаларын біртұтас тұрғын үй саясатына біріктіруді тапсырды. Сондықтан биыл 2025 жылға дейінгі жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданады, оның аясында 650 мыңға жуық отбасы немесе 2 миллионнан астам адам жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі», - деді Асқар Мамин.
Осы орайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі меморгандармен және ұйымдармен бірлесіп, қыркүйекте тиісті қаулы жобасын Үкіметке енгізуді жүктеді.