фото: fckairat.com
Еліміз спортты дамытып, әлем аренасында көк туымызды желбіретіп, жеңісті жүрістерді арттырамыз деген мақсатпен шеттен спортшыларды алдырып жүргеніне талай жыл болды. Бірақ легионерлердің жарқ етер нәтижесін әлі жанкүйерлер көрген жоқ. Қыруар қаржыға алып келінген, ұлттық құрамадан бастап, түрлі командаларда өнер көрсетіп жүрген шетел спортшылары мен бапкерлерінің пайдасынан зияны көп пе? Ult.kz миллиярдаған қаражат жұмсалған легионерлерді зерттеп көрді.
Өткен жылы футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып Станислав Черчесов тағайындалған еді. Ол келе салып бірқатар резонансты оқиғаларға ілікті. Қоғам, Черчесовті қазақ тіліне қатысты келекесінен кейін сынай бастаған. Тіпті жұрт оны қызметінен босатуды талап еткен. Содан кейін Қазақстан футбол федерациясы бас бапкерді ақтап мәлемдеме жасады Федерацияның мәліметінше, журналист француз футбол клубы «ПСЖ» киімінде болғандықтан, бапкер осылай әзілдеген.
Қоғамда ұлттық құраманың бас бапкерінің жалақысы туралы ақпарат тарағаннан кейін. Наразылық күшейе түсті. Мәліметтерге сүйенсек, бапкерге жыл сайын 1,2 млн еуро төленеді. Бұл соманы естіген жұрт бапкердің жұмысына көңілі толмайтынын айтқан еді. Олардың қатарында спорт журналисі Аслан Қаженовте бар. Ол, Черчесовтің жалақысы туралы пікір білдірді. Оның айтуынша бас басперге төленген қаражат - “ауаға кеткен ақша”.
“Бұл үлкен қаржы, ауаға кеткен ақша. Яғни, Қазақстаннан шығарып, Ресей азаматының қалтасына салып беріп отырмыз”, -дейді Аслан Қаженов Ult.kz тілшісіне.
Ал, ҚФФ-ның өзі бас бапкерге төленетін ақша туралы ақпараттар шындыққа жанаспайды деп мәлімеген.
Легионерлер мәселесі елімізде жиі қозғалады. Олардың жалақысы туралы депутаттардың өзі үкіметке сауал жолдаған. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев, Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында түсініксіз спорт түрлеріне бөлініп жатқан қаржының тым көп екенін айтқан.“Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері Станислав Черчесовтің жалақысы туралы ақпарат асыра көрсетілген және шынайылыққа сәйкес келмейді”, - делінген хабарламада.
“Мынау не масқара? Халық кедейшіліктің құзына құлап жатқанда спортқа 775 миллион доллар бөлу сау адамның ақылына сия ма? Ең сорақысы, қисапсыз ақша бөлсек те, жеткен жетістігіміз жоқ. Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен Жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп, 92 мемлекеттің ішінде 83-ші орын алды. Сонда әлгі 775 миллион долларға жеткен жетістігіміз осы ма? Енді салыстырып айтайын, Жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар бөлген Нидерланды Токиодағы олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал Жоғары жетістіктер спортына 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біз 775 миллион долларды спортқа бөліп 8 қоламен келдік”,- дейді депутат.
Сондай-ақ депутат министрліктің 180 спорт түріне қыруар қаржы бөліп отырғанына наразылық білдірген.
Ал, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қазақстандағы спорттық клубтарды, соның ішінде футбол клубтарын жекешелендіру туралы ұсыныс білдерген. Бұл мәселені көтеріп «Ақ жол» фракциясы Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктігіне сауал жолдаған.
Депутаттың айтуынша, 2018-2023 жылдары «Самұрық-Қазына» қоры төрт кәсіби спорт клубына 138 млрд теңге бөлген. Мысалы, «Астана» футбол клубы – 50,1 млрд, «Барыс» хоккей клубы – 48,8 млрд, «Astana Qazaqstan Team» вело тобына – 31,5 млрд теңге алған. Осындай қомақты қаржы жұмсалғанымен, Қазақстан спорттық көрсеткіштері бойынша жоғары нәтижеге жете алмай келеді.
Кімге қанша ақша төледік?!
Қазақстандағы спорт клубтарының легионерлерге жұмсайтын қаржысы жыл сайын миллиардтаған теңгені құрайды. Дегенмен, нақты жалпы соманы анықтау үшін барлық клубтардың қаржылық есептеріне қол жеткізу қажет, ал бұл мәліметтер көп жағдайда ашық түрде жарияланбайды. Бірақ, кейде спортшылардың жалақысы туралы ақпараттар БАҚ беттерінде жарияланып қалады.Мысалы, Спорт-Экспресс сайтының жариялаған мәліметінде “Барыс” хоккей клубының жалақы қоры 3 млрд теңгеден асатыны айтылған. Ал, ең жоғары жалақы алатын спортшылар тізімін легионерлер бастап тұр.
“Барыс” хоккей командасының сапында ойнаған шайбашылар Уилл Батчер мен шабуылшы Майкл Маклаудтың жалақысы 60 миллион рубль (шамамен 313 миллион теңге) құраған. Бұл, “Барыс” хоккей клубы конадалық пен америклық спортшыларға 626 миллион теңге берді деген сөз. Футболға келген легионерлердің де жалақысы ашық жариялана бермейді. Дегенмен, ара-тұра мәліметтер желіге тарап кетеді. By.tribuna.com берген мәліметтерге қарағанда «Астана» клубының жартылай қорғаушысы Макс Эбонг айына 15-17 мың доллар (6,5-7,5 миллион теңге) жалақы алады екен. Сол секілді «Елімайдың» футболшылары Николай Золотов пен Никита Корзун айына 15 мың доллар алып отырған.
Караван газеті 2023 жылы «Ордабасы» сапында доп тепкен Өзбекстандық Бобур Абдухоликов бір жылда 300 мың доллар жалақы алғанын жазған еді. Яғни, 135 миллион теңге өзбек футболшысына берілген. 2024 жылы Конгоның және «Атыраудың» жартылай қорғаушысы Жоэль Каямба Meta-Ratings басылымына берген сұхбатында Қазақстанда футболшыларға қомақты жалақы төленетінін мәлімдеген еді.
Ал журналист Аслан Қаженовтің айтуынша, 2021-2023 жылдары қостанайлық «Тобыл» клубында өнер көрсеткен Өзбекстандық Игорь Сергеев есімді шабуылшы 300 мың доллар жалақы алған.
“Теңгемен есептегенде – шамамен 138 миллион теңге. Яғни, ай сайын 11,5 миллион. Ал, күн сайын 383 мың теңге алады деген сөз”,- деп күйінеді журналист.
Қашанғы шетелден әкелеміз?!
Спорт журналисі Аслан Қаженов легионерлерді елімізге алып келу туралы пікір білдіріп, олардың көбі сыйақы мен түрлі бонустарын алғаннан кейін елдеріне қайтып кететінін айтып отыр.“Өкініштісі легионерлердің допингпен ұсталғандары да бар. Олар мемлекетке бір теңге де қайтарған жоқ. Яғни, сыйақыларын қайтарған жоқ. Олар тек қана алуды біледі. Кері ештеңе қайтармайды. Тек қана материалды тұрғыдан емес, кейін елде қалып, болашағын Қазақстанмен байланыстырып, балаларды тәрбиелеуге, отандық спортты дамытуға үлес қосса да ол бізге жақсы “бонус” болатын еді. Ол үмітті де ақтамай тұр. Басым бөлігі елдеріне қайтып жатыр”, - деді ол.
Одан бөлек Аслан Қаженов:
“Біз қашанғы шетелден әкеле береміз. Өзіміздің мамандарды өсіретін уақыт келді. Өсіруіміз керек! Осынша ақшаға, осынша үлестікпен алып келген маманның сиқы осы. Ешқандай нәтиже беріп жатқан жоқ. Біз тек қана “минусқа” кетіп жатырмыз. Станислав Черчесовтан қазақ футболы, жалпы қазақ спорты ештеңе ұтқан жоқ. Мен сол пікірімде қаламын. Ол кісі кетуі керек! Өтемақыдан бас тартуы керек. Менің емес бүкіл қазақ футбол жанкүйерлерінің оған көңілі толмайды”, - дейді спорт журналисі.
Аслан Қаженовтің айтуынша елімізде легионерлерді алып келу тиімсіз. Өйткені:
“Тәуелсіздік алған жылдары бұл өзекті болды. Қазақстанның атын шығару, көк туды көрсету, әнұранымызды шырқату, елдің еңсесін сол арқылы тіктету деген міндеттер болды. Ал, 30 жылдан кейін несімен өзекті?! Не үшін қажет?! Оны түсінбейміз. Қоғамға, қазақ тілді аудиторияға мүлде керек емес! Біз айтып жүрміз, жүлде алмаса да қазақтың баласы байрақты бәсекелерге қатысуы керек. Қазақтың баласы олимпиадаға қатысуы керек. Олардың жолдары жабылмауы керек”, -деп отыр ол.
Бекболат Мұхтар