16 қаң, 2025 сағат 18:32

Көлігін 5 минуттан артық қыздырған үш адам айыппұл арқалады

фото: drive2.ru

Өскемен қаласында көлігін бес минуттан артық қыздырған үш адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды Ult.kz.

Шығыс Қазақстан полиция департаментінің мәліметінше, ауданда көлігін ұзақ қыздырғаны үшін азаматтарға айыппұл салуға негіз болған үш арызды да бір адам берген. Ол таңертең аулаға шығып, автокөліктерді видеоға түсіріп, тәртіп сақшыларына шағымданған.


“102 арнасына түскен бұл шағымдар негізінде көлік иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция азаматтарға жаппай айыппұл салуды мақсат етпейді. Тәртіп бұзушылық туралы айыппұл шағымдар түскен және фото немесе бейне дәлелдер ұсынылған жағдайда ғана беріледі”,- деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Айта кету керек, тұрғын үй маңында қозғалтқышы бес минуттан артық жұмыс істеген көлік жүргізушілеріне 5 АЕК мөлшерінде (19 660 теңге) айыппұл қарастырылған.