Фото: qrnews.kz
Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мутәлі Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында Қазақстандағы сел қауіпсіздігі жүйесінің әлсіз тұстарын көтеріп, шұғыл шаралар қабылдауды сұрады, деп хабарлайды Ult.kz.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі селге дайындықты күшейту туралы тапсырмасын еске салып, қазіргі жұмыстардың жеткіліксіз екенін атап өтті. 2021–2025 жылдары 17 сел тіркелгенімен, тәуекелдерді толық бағалайтын нақты деректер жоқ.
Депутат инженерлік қорғаныс нысандарының аз салынуын, сондай-ақ цифрлық және болжау жүйелерінің дамымағанын сынға алды. Қазақстан Ғарыш Сапары қызмет көрсеткенімен, жасанды интеллектке негізделген кешенді жүйелер жеткіліксіз.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар туралы ескерту жүйелері халықтың тек 50,5%-ын қамтиды. Қаржыландырудың да жеткіліксіз екені айтылды.
Осыған байланысты депутат Үкіметке сел қауіпсіздігі бойынша бірыңғай бағдарлама әзірлеуді, қорғаныс инфрақұрылымына аудит жүргізуді, ескерту жүйелерін 100% қамтуды және заманауи болжау технологияларын енгізуді ұсынды.
