14 сәу, 2026 сағат 12:25

Ақмола облысында 5 жасар бала 6-қабаттан құлап көз жұмды


Фото: Pexels


Ақмола облысының Степногорск қаласында 5 жасар бала көпқабатты үйдің алтыншы қабатындағы терезеден құлап, қаза тапты. Дәрігерлер оны аман алып қалу мүмкін болмаған, деп хабарлайды Ult.kz.


Оқиға 13 сәуір күні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 2020 жылы туған бала пәтердің терезесінен құлап кеткен. Ауыр жарақат алған бала дереу ауруханаға жеткізілгенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.


Ақмола облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.


Полицияның мәліметінше, мұндай жазатайым жағдайлар көбіне күн жылынған кезеңде жиілейді. Негізгі себептер ретінде ересектердің бақылаусыз қалдыруы, ашық терезе және балалардың терезе маңына шығуына мүмкіндік беретін жиһаздар аталады.


Биыл облыста балалардың терезеден құлауына қатысты бес жағдай тіркелген, олардың біреуі қайғылы аяқталған.

Құқық қорғау органдары ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырып отыр. Мамандар масаға қарсы торларға сенбеуге кеңес береді, себебі олар баланың салмағын көтере алмайды.


Сондай-ақ терезеге арнайы құлыптар орнату, ашылуын шектейтін құрылғылар пайдалану және балалардың терезе маңында ойнауына жол бермеу ұсынылады.