13 сәу, 2026 сағат 17:14

Қарағандыда балаға күш көрсеткен ер адамның әрекеті жұртты ашуландырды


Видеодан кадр: instagram.com/real.life3390


Қарағандыда ойын алаңында ересек ер адамның балаға күш қолданған сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желіде тарады. Оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.


Instagram-дағы «Реальная жизнь» парақшасында жарияланған мәліметке сәйкес, жағдай 12 сәуір күні Трудовая көшесіндегі аулада болған. Бастапқыда балалар арасында әдеттегі түсініспеушілік туындаған. Алайда олардың бірі ата-анасына хабарласқаннан кейін жағдай күрт шиеленіскен.


Оқиға орнына келген ересек ер адам мәселені бейбіт жолмен шешудің орнына бейтаныс балаға күш қолданған. Куәгерлердің айтуынша, ол баланы тұншықтырып, жұлқылаған. Соның салдарынан бала жерге құлап, тыныс алуы қиындаған.


Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған видео әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында анықталған. Бұл факті бойынша полицияға ресми арыз түспегенімен, оқиғаға қатысушылардың барлығы жедел түрде анықталып, бөлімшеге жеткізілген.


Қазіргі уақытта жанжалдың мән-жайы мен себептерін анықтау үшін кешенді тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша әр тараптың әрекетіне қолданыстағы заңнама аясында құқықтық баға берілмек.

Полиция өкілдері қандай жағдай болмасын, жанжалдарды тек заң аясында шешу қажеттігін ескертті.