30 жел, 2024 сағат 13:26

Мемлекеттік наградалар жүйесіне 9 жаңа құрметті атақ енгізілді

Фото: Kz.media

Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Telegram арнасында жазғандай, енді мемлекеттік наградалар жүйесіне 9 жаңа құрметті атақ енгізілетін болды. 

"Елімізде жұмысшы мамандықтарының мәртебесі біртіндеп артып келеді. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы кезең-кезеңімен өсіп жатыр. Өндіріс озаттары мен еңбек династияларының өкілдеріне тұрақты түрде мемлекеттік наградалар беріледі. Кәсіби мерекелер кеңінен аталып өтілетін болды", — деп жазды Ерлан Қарин.


Осыған орай, Ерлан Қарин мемлекеттік наградалар жүйесіне (бұрыннан бар 6 құрметті атаққа) 9 жаңа құрметті атақ енгізілгенін айтты.

"Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойды. Енді мемлекеттік наградалар жүйесіне (бұрыннан бар 6 құрметті атаққа) 9 жаңа құрметті атақ енгізілді. Атап айтқанда, ғалымдар мен өнертапқыштарға, инженерлерге, сәулетшілерге және құрылысшыларға, кеншілер мен шахтерлерге, геологтарға, өнеркәсіп, көлік, ауыл және су шаруашылығы саласының қызметкерлеріне берілетін құрметті атақтар қосылды. Қажырлы еңбектің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді және еңбек адамының беделін одан әрі көтеруге септігін тигізеді. Бұл заңға Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған жаңа 2025 жылдың қарсаңында қол қойылуының символдық мәні бар, — деп түйіндеді Қарин.


Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды.