Алматы полициясы соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кештері қарсаңында күшейтілген жұмыс режиміне көшетінін мәлімдеді. Құқық қорғау органдары ата-аналар мен мұғалімдерді түлектердің қауіпсіздігіне жіті мән беруге шақырды, деп хабарлайды ult.kz.
Алматы қалалық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев мереке күндері жасөспірімдердің бақылаудан тыс қалып, түрлі қауіпті жағдайларға тап болатын деректері жиілейтінін айтты.
Оның сөзінше, түлектер арасында қала сыртындағы үйлерді жалдау, ішімдік ішу, көлікпен қауіпті серуендер ұйымдастыру және заңсыз автокортеждер жасау секілді әрекеттер кездеседі.
— Жасөспірімдер әлеуметтік желіге әсерлі видео түсіреміз деп, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып жатады. Мұндай әрекеттер кейде қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Біз күшейтілген режимде жұмыс істейміз. Дегенмен ата-аналар мен педагогтердің қолдауынсыз қауіпсіздікті толық қамтамасыз ету қиын. Балаларды бақылаусыз қалдырмауды, олардың көлікпен жүруіне жол бермеуді және үнемі байланыста болуды сұраймыз, — деді Тимур Ноғайбаев.
Полицияның мәліметінше, негізгі мақсат — құқықбұзушылықтардың алдын алу және кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын төтенше жағдайларға жол бермеу.
Сондай-ақ ведомство ата-аналар мен мұғалімдерге түлектермен қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп ережелерін алдын ала талқылауға кеңес берді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Оқу-ағарту министрлігі мектеп бітіру кештерін өткізу тәртібін нақтылаған еді. Жаңа талапқа сәйкес, мектеп бітіру кештерін мектептен тыс жерде өткізуге тыйым салынады. Сонымен қатар ата-аналардан немесе оқушылардан ақша жинауға қатаң шектеу қойылған.