Президент тапсырмасы аясында Қазақстан мектептерінде жасанды интеллект технологияларын енгізу басталады, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Оның айтуынша, пилоттық жоба үш оқу жылына есептелген және білім беру жүйесін цифрлық трансформациялауға арналған кешенді жоспардың бір бөлігі болады.
Министрдің сөзінше, жоба Мемлекет басшысының 12 мамырда қол қойған Жарлығы негізінде жүзеге асады. Бағдарлама аясында мектеп инфрақұрылымын жаңғырту, мұғалімдерді даярлау және оқушылардың жеке деректерін қорғау бағытында жұмыстар жүргізіледі.
Пилоттық жобаға еліміз бойынша 500 мектеп қатысады. Оның ішінде:
– 100 «Келешек мектебі»;
– 150 ауыл және қала мектебі;
– 250 шағын жинақты мектеп бар.
Министрдің айтуынша, жоба арқылы жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізіп, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайту көзделіп отыр.
Сондай-ақ мұғалімдердің цифрлық технологияларды меңгеруіне ерекше назар аударылады. Қазірдің өзінде 350 мың педагог жасанды интеллект ассистенттерін оқу процесінде қолдану және цифрлық педагогика бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен.
Бұдан бөлек, Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен оқушыларға жеке бағдарланған оқыту жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Жұлдыз Сүлейменова балалардың жеке деректерін қорғау басты мәселелердің бірі екенін айтты. Оның сөзінше, бұл бағытта арнайы құжат әзірленіп жатыр. Болашақта мектептерде, білім бөлімдерінде және министрлікте жеке деректердің қауіпсіздігіне жауапты мамандар тағайындалады.
Министрлік мәліметінше, кешенді жоспар 2026-2029 жылдарға арналған. Ал пилоттық кезең 2026-2027 оқу жылдарын қамтиды.
Брифинг барысында журналистер мектептерде қағаз оқулықтардың орнына планшеттер енгізіле ме деген сұрақ қойды. Министр бұл мәселе әзірге қарастырылып жатқанын айтты.