Қазақстанда 2026 жылғы жазғы туристік маусымға дайындық аясында туристік аймақтарда қауіпсіздік, инфрақұрылым және көлік қатынасын жақсарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нұрбол Байжанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Алакөл, Балқаш, Бурабай, Каспий теңізінің жағалауы және Шығыс Қазақстан бағыттарын қоса алғанда, сегіз ірі туристік аймақта тексеру жүргізілген. Өңірлерде құтқару бекеттері, коммуналдық жағажайлар, санитарлық нысандар мен визит-орталықтар салынып жатыр. Сонымен қатар бейнебақылау жүйелері кеңейтіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілуде.
Курорттық аймақтардағы көлік қолжетімділігіне де басымдық берілген. Алакөл бағыты бойынша Үшаралға әуе және теміржол рейстері күшейтілсе, Балқашта әуежайды жаңғырту және жаңа әуе бағыттарын ашу жұмыстары жалғасуда.
Сондай-ақ Бурабай, Қонаев, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Павлодар өңірлерінде туристік инфрақұрылымды жаңарту, жолдарды жөндеу және демалыс аймақтарын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, биыл елде мәдени, спорттық және гастрономиялық бағыттағы 55 ірі іс-шара өткізу жоспарланған.