Қазақстанда халық санының өсуі мен медициналық мекемелерге түсетін жүктеменің артуы дәрігер тапшылығы мәселесін күшейтіп отыр, деп хабарлайды Ult.kz ranking.kz дерегіне сілтеме жасап.
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елде 57 мыңнан астам дәрігер тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгермегенімен, жан басына шаққандағы қамтамасыз ету деңгейі төмендеп келеді.
Мәселен, 2025 жылдың бірінші тоқсанында 10 мың тұрғынға 28,2 дәрігерден келсе, биыл бұл көрсеткіш 27,9-ға дейін азайған. Сарапшылар мұны алаңдатарлық үрдіс деп бағалайды.
Өңірлер арасындағы айырмашылық та айқын байқалады. 20 өңірдің тек алтауында ғана дәрігермен қамту деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Астанада тіркелген — 10 мың тұрғынға 41,8 дәрігерден келеді. Алматыда бұл көрсеткіш 36,7 болса, Қарағанды облысында 34,7 дәрігерді құрайды.
Ал ең төмен көрсеткіш Алматы және Маңғыстау облыстарында байқалады — әр 10 мың тұрғынға небәрі 20,2 дәрігерден келеді. Жамбыл облысында — 21,5, Қостанай облысында — 21,8, Ақмола облысында 22 дәрігерден тіркелген.
Орта медициналық персоналмен қамтамасыз ету деңгейі де төмендеген. 2026 жылдың бірінші тоқсанында 10 мың тұрғынға шаққанда 76 орта медицина қызметкерінен келген. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 77,9 болған.
Сарапшылардың айтуынша, медицина мамандарының ірі қалаларда шоғырлануы мен өңірлердегі кадр тапшылығы ұзақ мерзімде сапалы медициналық көмекке қолжетімділік теңсіздігін күшейтуі мүмкін. Сондықтан жаңа мамандар даярлау, медициналық білім сапасын арттыру және дәрігерлерді аймақтарға тарту мәселесі өзекті болып отыр.
