Бүгін Қазақстанның барлық мектебінде соңғы қоңырау соғылып, 2025-2026 оқу жылы ресми түрде аяқталды, деп хабарлайды ult.kz.
Биыл ел бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын тәмамдаса, 215 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты. Салтанатты шаралар республика көлемінде ұйымдастырылып, түлектер дәстүрлі мектеп вальсін биледі. Осындай кештердің бірі №95 мектеп-лицей қабырғасында өтті.
Мерекелік іс-шаралар аясында еліміздің барлық білім ордаларында «Білім — Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, биыл 9-сыныпты аяқтаған 31 мыңнан астам оқушы үздік аттестатқа үміткер. Ал 11-сынып бойынша 18 мыңға жуық түлек үздік аттестатты қорғауға дайындалып жатыр.
Министрлік мектеп бітіру кештерін өткізуге қатысты талаптарды да еске салды. Атап айтқанда, мейрамханаларда, дәмханаларда, банкет залдарында, мәдениет үйлерінде және ашық алаңдарда салтанатты шара өткізуге тыйым салынған.