Ақтауда шетелдік денесіне жасырған 114 апиын капсуласымен ұсталды

Ақтауда шетелдік денесіне жасырған 114 апиын капсуласымен ұсталды
ҰҚК

Ақтау әуежайында денесіне есірткі капсулаларын жасырып өткізбек болған шетелдік азамат ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті жалпы салмағы шамамен 1 келі болатын 114 апиын капсуласын жұтып, Қазақстан аумағына алып өтпек болған.

ҰҚК есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес жалғасып жатқанын атап өтті. Биыл сәуір айынан бері есірткі жеткізудің 9 халықаралық және 2 өңірлік арнасы жойылып, бір фитозертхананың қызметі тоқтатылған.

Сонымен қатар, Астана әуежайында Оңтүстік Азия елдерінің бірінен 12 келі гашиш майын жеткізген қазақстандық ұсталған.

Бұдан бөлек, «көкнәр сабанын» контрабандалық жолмен тасымалдап, одан есірткі өндірді деген күдікке ілінген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды.

Арнайы операциялар барысында 3,4 келі апиын, 9 келі гашиш, 11,4 келі синтетикалық есірткі, 18,5 келі гашиш майы, 26,4 келі марихуана, 110 грамм кокаин, 20 тонна көкнәр сабаны және 150 литрден астам прекурсор тәркіленген.

Аталған фактілер бойынша 23 қазақстандық пен 3 шетелдік азамат ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.