ІІМ: 18 мыңнан астам есірткі дозасының таралуына тосқауыл қойылды

ІІМ: 18 мыңнан астам есірткі дозасының таралуына тосқауыл қойылды
Фото: ІІМ

Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында ел аумағында синтетикалық есірткі тарату арналарына қарсы күресті күшейтті. Мамыр айының екінші онкүндігінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністері бірнеше ірі арнаның жолын кесті, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz жазуынша, Алматыда жүргізілген жедел іс-шаралар барысында қала тұрғыны ұсталып, одан екі келіден астам альфа-PVP синтетикалық есірткісі тәркіленді. Күдікті өз кінәсін мойындаған. Сонымен қатар мегаполисте тағы бір азамат қолға түсті. Оның үйін тінту кезінде шамамен бір келі синтетикалық есірткі мен психотроптық әсері бар дәрілік заттар табылған.

Шығыс Қазақстан облысында интернет-дүкен кураторының тапсырмасымен өңірлерге есірткі тасымалдап жүрген Алматы облысының тұрғыны ұсталды. Одан екі келіден астам есірткі тәркіленді.

Ал Қарағанды облысында Алматы — Екатеринбург тасжолында синтетикалық есірткі тасымалдаған күдікті қолға түсті. Көлікті тексеру кезінде бір келі альфа-PVP табылған.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірханов тәркіленген заттардың жалпы салмағы алты келіден асқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл заңсыз айналымға түсуі мүмкін 18 мыңнан астам бір реттік дозаның жолын кескен.

— Мыңдаған жастың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген арналардың жолы тоқтатылды. Жастарды «жеңіл ақша» туралы жалған ұсыныстарға алданбауға шақырамыз. Қылмыстық топтар оларды тек «шығын материалы» ретінде пайдаланады, — деді ол.

Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұған дейін Семейде гаражын есірткі қоймасына айналдырған тұрғыннан 154 келі марихуана тәркіленген еді.