Белгілі хореограф Әнел әлеуметтік желіде өз командасының Моттың концертінде өнер көрсетуі тиіс болғанын айтты. Алайда ұйымдастырушылардың дөрекі қарым-қатынасына байланысты бұл ойдан бас тартқан екен, деп хабарлайды ult.kz.
«Бүгін менің командам Моттың концертінде билеу керек еді. Бірақ біз бас тарттық. Біріншіден, бұл салада ұзақ уақыт жүрген адаммын және біздегі концерттер қалай өтетінін, ұйымдастырушылардың қалай жұмыс жасап жүргенін жақсы білемін. Сондықтан қонақ болып келген жерде сыйластық болу керек деп есептеймін! Ойымды жинақтап мүмкін айтармын дұрыстап», - деп жазды ол.
Бишінің айтуынша, әншінің менеджері оларға дөрекі сөйлеп, қысым көрсетіп, өзін жоғары ұстаған. Осыдан кейін команда концертке қатыспау туралы шешім қабылдаған.

Оқиғаға қатысты тағы бір биші Анна да пікір білдірді. Оның сөзінше, команда Моттың концертінде тегін өнер көрсетуге келіскен. Олар мұны кәсіби қызығушылық үшін жасағанын айтқан. Алайда концерт алаңында әртістің менеджменті тарапынан қатты қысым көрген.
Соған қарамастан, жанжалдың нақты неден шыққаны әзірге белгісіз. Жарияланымдарда тек «құрметсіздік» пен «кәсібилікке сай емес қарым-қатынас» туралы айтылған. Жанжалдың нақты себебі ашық көрсетілмеген.
Бұл жазбалар әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Алайда нақты мәліметтің болмауына байланысты желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Кейбірі жанжалдың мән-жайын толық түсіндіруді талап етсе, енді бір бөлігі хореографты толық қолдап отыр. Олардың пікірінше, егер Моттың командасы жергілікті әртістерге шынымен құрметсіздік танытқан болса, онда концерттен бас тарту дұрыс шешім.
«Мотқа бойкот жарияламас бұрын, жағдайды толық түсініп алу керек».
«Не айтқыларыңыз келгенін түсінбей жатырмыз».
«Нақты не болғанын қарапайым тілмен жазуға болмай ма? Кімнің не істегені мүлде түсініксіз».
Әзірге Мот те, Алматыдағы концертті ұйымдастырушылар да бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.