Ақтауда Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов пластикалық отадан кейін қайтыс болды деген ақпараттан соң клиниканың бас дәрігері Артур Тажиев мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ult.kz.
Дәрігер өз мәлімдемесін Instagram парақшасында жариялап, БАҚ-та аталған отаға қатысты ақпараттың бірқатары шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
— Жарияланымдарда ота жасады деп көрсетілген дәрігер бұл операцияны жасамаған. Сонымен қатар, клиниканың лицензиясы жоқ деген ақпарат та жалған, — деді ол.
Артур Тажиев клиниканың медициналық қызметті, оның ішінде анестезиология және реаниматология саласын 2015 жылғы лицензия негізінде жүргізіп отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол нақты деректер ресми құжаттармен дәлелденетінін айтып, жалған ақпарат таратпауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов Ақтаудағы пластикалық операциядан кейін көз жұмғанын хабарлаған еді.
49 жастағы ер адам иек тұсына липосакция жасату үшін клиникаға барған. Мәліметке сәйкес, 4 сәуір күні наркоз енгізу кезінде оның жағдайы күрт нашарлап, қан қысымы мен қандағы қант мөлшері көтерілген. Салдарынан ишемиялық инсульт алып, комаға түскен. Бір айдан кейін ол қайтыс болды.
Кейін жоспардан тыс тексеріс барысында клиникадан бірқатар заң бұзушылық анықталған. Өңір прокуратурасы материалдардың полицияға жолданғанын хабарлады. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалған.