Танымал депутат пластикалық операциядан кейін көз жұмды

Танымал депутат пластикалық операциядан кейін көз жұмды

Ақтауда 49 жастағы мәслихат депутаты Ербол Айтуов иек астындағы майды алдыру үшін “Қасиет” клиникасына жүгінген. 4 сәуір күні наркоз салу кезінде оның жағдайы күрт нашарлаған, деп хабарлайды ult.kz.

Марқұмның жұбайының айтуынша, интубация дұрыс жасалмағандықтан ер адамның қан қысымы мен қандағы қант деңгейі күрт көтеріліп, ишемиялық инсульт алған. Кейін комаға түсіп, арада бір ай өткенде қайтыс болған. Туыстары клиника көмекті дер кезінде көрсетпеді әрі науқастың нақты жағдайын жасырды деп отыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің тексерісі кезінде клиникадан бірқатар заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, операция блогы толық жабдықталмаған, кей құрылғылардың пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Ал анафилактикалық шокқа қарсы қажет құралдар болмаған.

Сонымен қатар клиникада ересектерге арналған анестезиология және реанимация қызметіне лицензия болмағаны белгілі болды. Тексеру барысында науқастың толық тексерілмей, қарсы көрсетілімдерге қарамастан операцияға жіберілгені де анықталған.

Тексеру материалдары прокуратураға жолданды.

Ербол Айтуов Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты болған. Сонымен қатар 2023 жылдан бері Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының өңдеу өнеркәсібі және базалық салалар комитетін басқарған.