Астанада блогерлер шаурма жарнамасы үшін полиция қызметкеріне пранк жасап, соңында блогерлер қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.
Instagram желісінде жарияланған видеода жастар полицейден көмек сұрап, адамның суға батып жатқанын айтқан. Полиция қызметкері еш саспастан бірден суға секіріп, батып бара жатқан сыңай танытқан адамды алып шыққан. Алайда кейін мұның әлеуметтік желіге арналған қойылым, яғни "пранк" екені белгілі болды.
Видео қоғамдық тамақтану орындарының бірімен бірлесіп жарияланған. «Құтқару» сәтінен кейін полицейге отбасымен барып шаурма жеуге арналған сертификат табысталған.
Десе де бұл видео желіде қызу талқыға түсті. Ал полицей блогерлерге қоғамдық тәртіп бұзылғанын ескертті.
Полиция департаментінің мәліметінше, қойылымға қатысқандар ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілікке тартылған. Сот шешімімен видео авторы 15 тәулікке, ал екінші қатысушы 10 тәулікке қамауға алынды.