103 жастағы америкалық әйел ұзақ өмір сүру құпиясын бөлісті. Оның айтуынша, ұзақ өмір сүруге көмектесетін әдеттердің бірі карта ойнау, деп хабарлайды ult.kz.
Дороти Уилсон 1923 жылдың 12 қаңтарында АҚШ-тың Массачусетс штатындағы Арлингтон қаласында дүниеге келген. Қазір ол Мистик қаласындағы қарттар орталығында тұрады. Кейуананың күн тәртібі өте тығыз. Ол фитнес жаттығуларына қатысады, шіркеуге барады, қоғамдық шараларға қатысып, карта ойындары бойынша турнирлерге де атсалысады.
Уилсон өзінің басты хоббиі адамдармен араласу екенін айтқан.
«Өмірдің ең жақсы тұсы жолықтырған адамдарың», - дейді ол.
Сонымен қатар Дороти қарттар орталығына жаңадан келген адамдарды бейімдеумен айналысатын комитеттің мүшесі. Оның пікірінше, әр адам өзіне қамқор болатын жан бар екенін сезінуі керек.
Уилсон 103 жасында өзін сергек әрі бақытты сезінуге көмектесетін бес қарапайым әдетті атады.
Біріншісі, физикалық белсенділік. Ол күн сайын төсектен өзі тұрып, киініп, топтық жаттығуларға қатысады.
Екіншісі, кітап оқу. Қария күн сайын электронды кітап оқып, тарихтағы ұқсас оқиғаларды байқағанды ұнатады.
«Адамзат қателіктерден ешқашан сабақ алмайды, бірақ бәрібір тырысу керек», - дейді ол.
Үшіншісі, адамдармен жиі араласу.
Төртіншісі, карта ойнау. Уилсон аптасына бір рет оффлайн түрде бридж ойнайды. Ал күн сайын екі баласымен онлайн ойнайды.
«Бұл өте қызық. Бридж арқылы керемет адамдармен танысасың», - дейді америкалық кейуана.
Бесіншісі - дұрыс тамақтану. Ұзақ жасаған әйел теңіз өнімдерін жақсы көреді және күн сайын салат не көкөніс жейді.
«Мен өзімді үнемі жақсы сезінемін. Неге олай болмасқа? Өмірге шағымданудан пайда жоқ», - деді Дороти Уилсон.