Алматыдағы пластикалық хирургия қызметін көрсететін жекеменшік клиникалардың бірінде әйел адам көз жұмды. Қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды ult.kz.
БАҚ пен әлеуметтік желілерде марқұмның танымал кәсіпкер әрі блогер Сәуле Ермаханова екені айтылып жатыр. Мәліметке сәйкес, ол Smart Beauty Clinic клиникасында жан тапсырған.
Оқиғаға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме берді.
— 15 мамыр күні Алматы қаласының 53 жастағы тұрғыны жекеменшік клиникалардың бірінде қайтыс болды. Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады, — деп хабарлады ведомство.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция өкілдерінің мәліметінше, тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады. Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтіні ескертілді.