Әл-Фарабидегі жол апаты: Үш адамның өліміне қатысты іс сотқа жолданды

Әл-Фарабидегі жол апаты: Үш адамның өліміне қатысты іс сотқа жолданды
Олег Черновтың instagram парақшасынан

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған резонансты жол апатына қатысты қылмыстық іс сотқа түсті. Алдын ала сот отырысы 28 мамыр күні Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Олег Чернов мәлімдеді. Оның айтуынша, сотқа дейінгі тергеу қысқа мерзімде аяқталған. Қалалық сот та істің өндіріске қабылданғанын растады. Алайда сот отырысының ашық немесе жабық форматта өтетіні әзірге белгісіз.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған. Mercedes пен Zeekr көліктері соқтығысып, салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты. Ал Zeekr жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Тергеу мәліметінше, ол көлікті мас күйде басқарған.

Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұл бап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Қазір оған қатысты “күзетпен ұстау” бұлтартпау шарасы қолданылған.

Аталған іс қоғамда үлкен резонанс туғызды. Әлеуметтік желілерде жол апатына көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар тарады. Кей жазбаларда жарысқа полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкері қатысы болуы ықтимал екені айтылған.

Осыдан кейін Ішкі істер министрлігі бірқатар қызметтік тексеру жүргізіп, Алматы полиция департаментінің бірнеше басшысын қызметінен босатты. Сонымен қатар департамент басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша бөлек қылмыстық іс қозғалды.

ІІМ мәліметінше, мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі мүмкін деген күдік бойынша да қосымша тергеу басталған. Қазір бұл бағыттағы материалдарды Өзіндік қауіпсіздік департаменті қарап жатыр.

Қоғам назарын аударған іс енді сотта қаралады. Марқұмдардың туыстары әділ шешім шығарылады деп үміттенеді.