28 қаз, 2019 сағат 06:51

WBO Қанат Исламның жеңісіне қатысты пікір білдірді

Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық боксшы Қанат Исламның (27-0, 21 КО) намибиялық Уолтер Каутондоквоймен (18-2, 17 КО) жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Sports.kz агенттігі хабарлады.

Ислам төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешіміне сәйкес жеңімпаз атанып, WBO International нұсқасы бойынша алғашқы орта салмақтағы чемпион белдігін сақтап қалды.

«Ислам – WBO рейтингінде 8-нөмірде тұр және одан жоғары көтерілуі мүмкін. Бұл Қанат үшін ең керемет бокс кеші болмаса да, ол жеңіске жететіндей жеткілікті әрекет жасады», - деп жазды WBO.

Еске сала кетейік, қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам намибиялық Уолтер Каутондоквамен қолғап түйістіріп, жеңіске жеткен болатын.

Айқас Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Жекпе-жек он раундқа созылды. Төрешілер шешімімен Қанат Ислам жеңіп, WBO белбеуіне қол жеткізді. Ол осылайша 27-ші рет қарсыласынан басым түсіп отыр.

Айта кетейік, қазақстандық Қанат Ислам 2012 жылдың 28 қыркүйегінен бері кәсіпқой бокста сынға түсіп жүр. Бүгінгі күнге дейін 27 жекпе-жек өткізіп, оның барлығында қарсыласынан басым түсті. Оның 21-ін нокаутпен аяқтаған.