10 қаз, 2017 сағат 13:43

Түркiбасы атын қайтарайық

Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Түлкiбас ауданының атын Түркiбасы деп өзгерту туралы мәселе көптен берi көтерiлiп жүр. Кейiнгi жылдары аудан халқының арасында талқыланып, түрлi пiкiрлер айтылып, сайып келгенде, Түркiбасы атауына басымдық берiлiп жатқаны рас.

Облыстағы, тiптi республика көлемiндегi зиялылар, әсiресе, ақын-жазушылар мен ғалымдар, бiлiм саласының өкiлдерi орталарында да жиi-жиi сөз болады. «Тәуелсiздiгiмiзге ширек ғасырдан асты, ендi алаңдайтын не бар? Тәңiртаудың таңғажайып жерi, Қаратау мен Алатаудың түйiскен төрi Түлкiбас күйiнде қалмауы қажет, Түркiбасы атын қайтару керек» десетiндер өте көп.

– Қазiргi Түлкiбас атауы туралы әртүрлi аңыздар бар. Бiреуi былай. Есте жоқ ескi заманда түлкi басты әулие осы төбенi мекен еткен екен, содан Түлкiбасы әулие атаныпты деседi. Тағы бiрiнде түркiнiң дiнбасы осында жерленгендiктен, Түркiбасы атанып, бiрте-бiрте Түлкiбасы, Түлкiбас боп кеткен дейдi.

– Жазба тарихта, архивтерде жазылғандай, бұл өңiрдi отаршылдар жетi рет жайпап өткен. Жер мен су, елдi мекендер аттары да сан рет өзгерген. Құбылған. Түркеш қағанаты жайлы деректер көзi қытай архивтерiнен табылды. Қағанат туралы тұңғыш рет диссертация қорғап, «Түркештер» деп аталатын ғылыми монография жариялаған көрнектi тарихшы ғалым Әлiмғазы Дәулетхан болатын. Ол Қытайда туып-өскен. Кейiн Қазақстанға келген, қытай тiлiн жетiк бiлгендiктен, аса қиын тақырыпты игерiп, ғылыми олжа салды. Осы «Түркештер» еңбегi Түлкiбасы жаңылыс ат, Түркiбасы тарихи ат екенiне айқын негiз болып табылады.

– Түркеш қағанатының негiзiн 629 жылы салған Өжелi қаған кейiннен Сақал атанған. Ол 706 жылы бақилық болып, билiк Сулуқ қағанның қолына өткен. Сулуқ қаған Түркеш елiн 22 жыл билеген. Тұран жерiне жорық жасаған араб басқыншыларына талай рет күйрете соққы берiп, Сүзеген қаған атанған. Сол Сүзеген қаған (Сулуқ) ордасы Түркiбасы төбесiне тiгiлген. Түркiбасы төбесi қос өркештi. Екi өркешiнде де бұлақ бар. Сондықтан, жаулар қаншама қоршаса да қорғанды орданы ала алмаған. Түркi-Түркеш қағандары Арыс пен Құлан өзендерi қосылған тұстағы осы төбеге орда тiккендiктен, Түркiбасы атанған.

Ресей отаршылдығы тұсында Түркiбасы төбесiндегi тас қорғандар тоналып, қиратылып, құрылысқа жұмсалып кеткен. Тарих ғылымының корифейi атанған атақты академик Бартольд «Отчет от командировки в Среднюю Азию» (Москва, изд-во «Наука», 1986) деген еңбегiнде Түлкiбас жерiне iссапармен келiп, қос өркештi төбенi аралап көрiп: «Түлкiбас – мүлде қате атау, дұрысы – Түркiбасы. Бұған р-ға тiлi келмейтiн қытайлар да әсер еткен» деп жазған.

Тағы да бiр дәлел бар. О баста күллi түркiлерге ортақ болған тiлiмiздегi «баш» пен «мұрұн» сөздерi жер бедерлерiне байланысты төбе, шоқы, тауларға да қолданылған. Осы тұрғыдан қарағанда да Түрк башы, Түркiбасы – Түркi биiгi деген ұғымды бiлдiредi.

Қазақ көркемсөзiнiң көшбасшысы, қазақ көсемсөзiнiң қолбасшысы атанған халық жазушысы, ұлтының сүйiктi суреткерi Шерхан Мұртаза осы Түлкiбас атауын Түркiбасы деп өзгерту туралы тәуелсiздiкке қол жетпей тұрып-ақ талай рет жазған. Айтқан. Солардың бiрiнде бүй дейдi: «Түлкiбас десе, мен түлкiнiң басын көз алдыма елестете алмаймын. Түркiбасы десе, көненiң көне замандары көз алдыма келiп, көлбеңдей бередi... Дәуiрлi шақта қазiр Түлкiбас деп жүрген ауданда Түркi ханының ордасы тұрды...».

Сонымен, Түлкiбас атауын Түркiбасыға өзгерту бүгiнгi ұрпақтың тарихи парызына айналып отыр. Рухани жаңғыруға орайластыра аудан атын жаңғыртып, Түркiбасы төбесiне ме, Арыс пен Құлан өзенiнiң қосылған тұсына ма, Сүзеген (Сулуқ) қағанға ерекше ескерткiш қойылса дер едiк. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында халықтың тарихи жады хақында, байтағымыздың қасиеттi, киелi жерлерi жөнiнде жан-жақты айтылған, өлкетануға өзгеше мән-мәнiс беру турасында тебiренiстi толғаныстар тұнып тұр. Түркiбасы атын қайта қалпына келтiру Мемлекет басшысы мақаласындағы мақсат-мiндеттер талаптарына һәм сай келедi деп санаймыз.

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк және халықаралық «Түркi әлемiне қызметi үшiн» сыйлықтарының лауреаты.

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, халықаралық «Алаш» және «Түркi әлемiне қызметi үшiн» сыйлықтарының лауреаты.

Сәрсенбек САХАБАТ, ақын, түркiтанушы, тарихшы, халықаралық Нәзiр Төреқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты.

Оңтүстiк Қазақстан облысы